ОҚО-да полицейлерге қарсылық көрсеткен 3 адам ұсталды
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облысында полиция қызметкерлеріне қарсылық көрсеткен үш тұрғы ұсталды. Жол ережесін бұзғандар тәртіп сақшыларына бағынғысы келмеген, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Сайрам аудандық ішкі істер басқармасының кезекші бөліміне жол патрульдік полиция экипажы қызметкерлерінен хабарлама түскен. Олардың айтуынша, жол ережесін бұзғандар ішкі істер қызметкерлеріне бағынғысы келмей, күш көрсеткен. Белгілі болғандай, Жергілікті полиция қызметкерлері Қарамұрт ауылы маңында жүріп, жол ережесін бұзған «Мерседес» көлігін тоқтатқан. Алайда көлік жүргізушісі тоқтамастан, жасырынып қалуға тырысады. Тәртіп сақшылары көлікті тоқтатқанымен ондағы екі жолаушы қарсылық көрсеткен. Оқиға орнына жеткен полицейлер 29 жастағы жүргізуші мен жанындағы екеуді де полиция бөлімшесіне жеткізген.
Қазір ұсталғандардың үстінен Қылмыстық кодекстің 380-бабы «Билік өкiлiне қатысты күш қолдану» бойынша іс қозғалды. Сайрам ауданының 1981, 1988, 1987 жылы туған үш тұрғыны уақытша ұстау абақтысына қамалып, тергеу амалдары жүргізілуде.
Жыл басынан бері аталған ауданда билік өкілдеріне қатысты күш қолдану бойынша 5 қылмыстық іс қозғалып, сотқа жолданған.