20:24, 28 Мамыр 2015 | GMT +5
ОҚО-да сабақ үстінде оқушыны жәбірлеген мұғалімге қатысты қылмыстық іс қозғалды
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - ОҚО-да сабақ үстінде оқушыны жәбірлеген мұғалімге қатысты қылмыстық іс қозғалды. Әл-фараби аудандық прокурорының орынбасары Асқар Меңлібаев хабарлағандай, шымкенттік №11 мектеп мұғалімінің үстінен ҚР ҚК 140 бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды.

«Бұл оқиға А.Навои атындағы №11 мектепте орын алғаны анықталды. 1989 жылы туған мұғалім Юлдуз Наметова математика пәнінен сабақ берген. Сабақ кезінде 6-сынып оқушысы бұзақылық жасаған соң, ол осылайша тыныштандырғысы келген», - деді Асқар Меңлібаев.
Прокуратурадан хабарлағандай, бұл оқиғадан кейін мұғалім жұмыстан кету туралы өтініш жазған. Еске сала кетейік, мұғалім 6-сынып оқушысына айқайлап жатқаны, оны жәбірлегені және оқушының бетіне жармасуы бейнеленген видеороликті бір тәулік ішінде он мыңнан астам интернет пайдаланушы қарады. Айта кету керек, оқушылардың ата-аналары мұғалімге шағымданып, прокуратураға өтініш жазған.