ОҚО-да шаруалар 1,3 млн тонна бақша өнімдерін жинады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Биыл Оңтүстік Қазақстан облысында ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің күніне арналған мереке ерекше аталып өтті. Бұған себепте бар. Өйткені аграрлы аймақтың шаруалары 376,5 млрд теңгені құрайтын ауыл шаруашылығы өнімін өндірді. Бұл өткен жылғымен салыстырғанда 57 млрд теңгеге көп, деп хабарлайды Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің баспасөз қызметі.
Баспасөз мәліметтеріне қарағанда, оңтүстіктің диқандары биыл 400 мың тоннаға жуық астықты қамбаға құйса, 116 мың тонна жеміс-жидек пен 919 мың тонна көкөніс, 295 мың тонна картоп, 1,3 млн тонна бақша өнімдерін жинады.
Сондай-ақ, ауыл шаруашылығы өнімдерінің егіс көлемі өткен жылмен салыстырғанда 29 мың га-ға артып, 818 мың га құрады.
Оңтүстік Қазақстан облысындағы мал шаруашылығы саласының еңбеккерлері де биылғы жылды толағай табыстармен аяқтап отыр. Өйткені өңірде ірі қара мал саны өткен жылмен салыстырғанда 5,8 пайызға, қой мен ешкі 1 пайызға, жылқы 19,5 пайызға артқан. Өңірдегі мал басының өсуіне «Сыбаға» бағдарламасы да өз септігін тигізіп отыр. Аталған бағдарламамен биылдың өзінде 13 087 бас мал сатып алынса, «Алтын асық» аясында 23 352 бас қой, «Құлан» бағдарламасы аясында 2 366 бас жылқы сатып алынған. Мал басын сатып алуда Оңтүстік өңірі республикада 1 орында тұр.