ОҚО-да шегірткелерді химиялық улау жұмастары басталды

 ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат  - Оңтүстік Қазақстан облысында үйірлі шегіртке тектес зиянкестерге қарсы химиялық күрес шаралары басталды. Бұл туралы Сарығаш ауданында аймақ басшысы Жансейіт Түймебаевтың төрағалығымен өткен семинар кеңесте Облыстық аумақтық инспекция басшысы Нұржан Кашкенов мәлім етті, деп хабарлайды  ҚазАқпарат тілшісі.

ОҚО-да шегірткелерді химиялық улау жұмастары басталды

Инспекция басшысының сөзінше, биыл зиянкестермен күрес жұмыстары өңірдегі 350 мың гектар алқапта жүргізілетін болады. Оның 60 пайызы жерүсті агрегаттарымен, 40 пайызы авиациямен өңделеді. Ал, химиялық күрес шаралары былтырғыдан 1,3 есеге азайған. Оның ішінде марокко шегірткесіне қарсы күрес шаралары 341 мың гектарда, азиялық шегірткеге қарсы 4,3 мың гектарда, итальяндық прус шегірткесіне қарсы 4,7 мың гектарда жүргізіледі.
null 

«Биыл марокко шегірткесіне қарсы күрес шараларына 91 дана жерүсті бүріккіштері жұмылдырылмақ. Олар 184,4 мың гектарды залалсыздандыратын болады. Сондай-ақ, алты АН-2 ұшақтарының көмегімен 137,6 мың гектарда химиялық өңдеу жұмыстарының жүргізілуі жоспарлануда. Облыстық аумақтық инспекция тарапынан өңдеу жұмыстарының сапалы жүргізілуін бақылауға, ұйымдастыру жұмыстарын жүргізуге аудандар бойынша 50 инспектор және 19 автокөлік бөлінеді», - деді Нұржан Кашкенов.
null 

Айта кетейік, 350 мың гектарға химиялық өңдеу жұмыстарын жүргізу үшін 1121 мың гектар алқапта анықтау-зерттеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Оған «Республикалық фитосанитарлық диагностика және болжамдау әдістемелік орталығы» мемлекеттік мекемесінің облыстық филиалы тарапынан штат бойынша 128 анықтаушы және 83 қызметтік автокөлік бөлінген. Бұған қосымша 3 айға уақытша жұмысқа  278 адам тартылып, 406 адам  анықтаушы зерттеу жұмыстарына жұмылдырылмақ.

Семинар барысында облыс әкімі үйірлі шегірткеге қарсы күрес шараларына дайындықпен танысып, аудан әкімдеріне арнайы штаб жұмысын жандандыру қажеттігін ескертті.
null 

«Биылғы жылы шегірткеге қарсы күрес жұмыстары барынша тыңғылықты атқарылу керек. Ол үшін зиянкестердің қанаты қатаймай жатып, көзін жоймаса, бой бермей кетуі әбден мүмкін. Сондықтан арнайы құрылған штаб жұмысын жандандырып, аудан, қала әкімдері тиісті мамандарды бөліп, аумақтық инспекциямен қоян-қолтық жұмыс істеуі тиіс. Сонда ғана егістік алқаптарымызды зиянкестерден сақтап қала алатын боламыз», - деді Жансейіт Қансейітұлы.
null 

Бүгінде аудан, қалаларда 11 штаб құрылып, 43 су таситын техника мен пестицидтерді ерітуге қажетті 91 су көздері және 12 пестицидтерді уақытша сақтау қоймалары дайындалған. Бұдан бөлек, 15 аэродром орны белгіленді.
null