ОҚО-да соңғы бір аптада 140 мыңнан астам адам міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға тіркелді

None
None
 ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облысында «Емханаға тіркел де МӘМС жүйесіндегі өз мәртебеңді анықта!» акциясы басталды. Шара аясында соңғы бір аптаның ішінде 140 мыңнан астам азамат тіркелген.

Емханаға міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру бойынша жаппай тіркелу денсаулық сақтау қызметкерлері тарапынан жүргізілген түсіндіру жұмыстарының нәтижесінде қол жеткізіліп отыр, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Сала мамандары осы соңғы екі аптада көше, аулаларды аралап, 500 мыңнан астам тұрғынды қамтыған кездесулер өткізген. Әрбір тұрғынға өзі таңдаған және тұрғылықты мекеніне мүмкіндігінше жақын орналасқан емханаға барып тіркелуі керектігін жеткізді.

Дәрігерлер түсіндіру жұмыстары бұдан әрі де жалғасын табатынын айтады. Өйткені, осы жылдың 1 шілдесінен әрбір азамат сақтандыру қорына жарна төлеуге міндетті. Егер жарна төленбеген жағдайда мемлекет тегін медициналық көмектің кепілді түріне ғана кепілдік береді. Осы акция барысында облыс әкімінің орынбасары Бауыржан Жамалов Шымкент қалалық №3 емханаға барып тіркеліп, мәртебесін анықтады. Сонымен қатар ол емхананың тыныс-тіршілігімен танысып, оңтүстікқазақстандықтарды 31 маусымға дейін емханаларына барып тіркеліп, мәртебелерін анықтауға шақырды.

«Бұған дейін мен Алматы қаласында тұрғанмын. Қазір қызмет бабымен Шымкентке қоныс аударуыма байланысты осы емханаға тіркелдім. Еш қиындығы жоқ, өздеріңіз көргендей барлық жағдай жасалған. Елімізде келер жылдан бастап Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы заң күшіне ене бастайды. Соған байланысты әрбір қазақстандықтың мәртебесін анықтау маңызды. Сол мақсатта елімізде 5 сәуірден бастап, «Емханаға тіркел де МӘМС жүйесіндегі өз мәртебеңді анықта!» акциясы жүріп жатыр. Осы мүмкіндікті пайдаланып, оңтүстікқазақстандықтарды өзі таңдаған емханаға тіркелуге шақырамын», - деді Б.Жамалов. 

Соңғы жаңалықтар