ОҚО-да сотталғандар несие ала алады
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облысы прокурорының орынбасары Әбіл Қожахметовтың төрағалық етуімен Сайрам ауданындағы пробация қызметінің бақылауында тұрған сотталғандарға әлеуметтік және құқықтық көмек көрсету мақсатында кездесу өткізілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат ХАА тілшісі.
Ауданның денсаулық сақтау, кәсіпкерлік салалары мен көші-қон жөніндегі уәкілетті мемлекеттік органдар қызметкерлерінің қатысуымен өткен басқосуда жазасын өтеп жатқандарды жұмыспен қамту мәселесі талқыланды.
Кездесу барысында сотталғандардан әлеуметтік және өзге де мәселелер жөнінде сауалдар қойылды. Оның ішінде кәсіпкерлік қызметін жүзеге асыруға жеңілдетілген несие алу, жұмысқа орналасу, жеке басын анықтайтын құжаттарды қалпына келтіру жайы сөз болды. Мәселен, пробация есебінде тұратын Д есімді азамат мал бордақылауға жеңілдетілген ауылшаруашылығы несиесін алуға көмек беру туралы өтініш жасады. Жиында бұл өтініш бойынша Сайрам аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің мамандары сотталған тұрғынның 4 млн теңге көлемінде несие алуға өтінімін қабылдауға шешім шығарды. Бұдан бөлек, сотталғандар К. және Н есімді азаматтар кәсіпкерлік бөлімі арқылы кәсіптік даярлау курстарына жіберіліп, оны аяқтағаннан кейін жұмысқа қабылданатындары белгілі болды.
Басқосуда прокуратура сотталғандардың құқықтарын түсіндіре келе, уәкілетті мемлекеттік органдарға істі болғандардың жұмысқа орналасуы және жеке басын анықтау құжаттарын қалпына келтіру мәселелері бойынша ықпал жасауға тиісті ұсыныстар берді.