ОҚО-да спортшы жастар оқушылармен бірге салауатты өмір салтын талқылады

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - ОҚО-ның Сарыағаш ауданында «Спортшы жастар діни экстремизмге және суицидке қарсы» атты ұранымен С.Ерубаев атындағы жалпы орта мектебінде маңызды іс-шара өтті, деп хабарлайды аудан әкімдігінің баспасөз қызметі. Іс-шарада мектеп жастары ауданымыздың атын шартарапқа танытып жүрген даңқты спортшылармен және БЖСМ топтарындағы жас спортшылармен кездесе отырып, еркін тақырыпта пікір алмасты.

ОҚО-да спортшы жастар оқушылармен бірге салауатты өмір салтын талқылады

Оқушылармен жүздесуге қол күресі спортының әлем және Азия чемпиондары, волейболдан Оңтүстік Қазақстан Облысының чемпионы қатысты. Атап айтқанда қол күресінен әлем чемпионы, әлем кубогының иегері, Азия чемпионы Талғат Ақтаев, әлем және Азия чемпионы Ердәулет Нұрмахан, Оңтүстік Қазақстан облысының чемпионы Асқар Құлымбетов есімді спортшылармен өткен жүздесуде салауатты өмір салты, спорттың адам өмірінде алатын орны мен маңызы жөнінде әңгіме өрбіді.

Кездесу барысында мектептің жас жас спортшылары Әлихан Ұлбала, Әбітхан Аружан, Базарбай Маржан, Ермек Айгерім, Рыскелді Бекнұр есімді оқушылар чемпион ағаларына сұрақтарын қойып, әр түрлі тақырыпта ой бөлісті. Әлем чемпиондары жас спортшыларды салауатты өмір салтын ұстануға шақырып, теріс ағымдарға, басқа діни секталардың арбауларына түспеулеріне ақыл-кеңестерін берді. Сондай-ақ, жастардың болмашы себеп үшін өз-өзіне қол жұмсау сияқты келеңсіз жағдайларды болдырмау үшін ой-өрісі биік, спортты жандарына серік еткен азамат болып қалыптасулары керек екендіктеріне тоқталды. Спортшылармен кездесу өте қызықты өтіп, мектеп жастары чемпион ағаларымен бірге естелік суреттерге түсті.