ОҚО-да су тасқыны жағдайы тұрақтанды, басқа елді мекендерді су басу қаупі жоқ - ҚР ТЖМ

Ордабасы ауданындағы №28237 әскери бөлімінің екі құтқару батальонымен Көкарал ауылынан бес шақырым жерде 1 наурыздың түнінде ұзындығы 500 метр қорғаныс бөгетінің құрылысы жүргізіліп, екі мың бөгет қапшықтары үйілді.
Темірлан елді мекенінде 2 наурызда үздіксіз ағатын арықтардағы су деңгейіне моноторинг жүргізіліп, бөгеттерді нығайту жұмыстары атқарылды.
Қызылорда, Жамбыл, облыстары мен Алматының Төтенше жағдайлар департаментінің өрт сөндіру және апаттық құтқару қызметтері Темірланда 2 наурыз бойы 6 мың текше метр еріген қар суын ағызу шараларын іске асырды.
Сонымен қатар осы күні облыс әкімі мен ҚР ТЖМ жедел тобы Шымкент, Түркістан, Арыс қалалары мен Ордабасы, Бәйдібек аудандарын және өзендердегі қалыптасқан ахуалды бағалау үшін өңірлерді тікұшақпен байқап қайтты.
Атап айтқанда, ОҚО-да су тасқыны жағдайы тұрақтанып, қазіргі кезде басқа елді мекендерді су басудың қаупі жоқ.
Министрліктің 764 адам мен 156 техникасынан құралған құтқару бөлімдері төтенше жағдайлар туындауы мүмкін ауданға жедел жету үшін жоғары дайындық режимінде тұр.
ТЖМ-ның бөлімшілері ОҚО-дағы су тасқыны кезеңі басталғаннан бері аудан әкімдіктерімен бірлесе 3 305 адамды көшірді. Ұзындығы 1820 метрден астам бөгеттер тұрғызылып, судан қорғау үшін топырақ салынған 32 мыңнан астам қапшықтар үйілді. Су басқан үйлердің аумағынан 102 мың текше метр су ағызылды.