ОҚО-да тағы бір балдырғанда ВИЧ індеті анықталды
Ғасыр дертінің үш сатысы болса, арнайы сараптама жеткіншектің ауруы асқынып, екінші клиникалық сатыда екенін анықтады. Ата-ана перзентінің Адамның иммун тапшылығы вирусын 2005-2006 жылдары күнгейдің ауруханаларында жұқтырғанына сенімді. Бұл туралы КТК арнасы хабарлады.
Төрт баланың анасы 30 жастағы келіншекке дәрігерлер екінші перзентінің ағзасында АИТВ инфекциясы табылғанын хабарлағанына бір ай болды. Оның өзі кездейсоқ анықталған, 10 жасар қыз жыл сайын балалар демалыс үйінде ем қабылдайтын көрінеді. Бірақ осы жолы дәрігерлер жеткіншектен сынама қан алған.
«Бір апта өткеннен кейін хабар келді, «қызыңыздың қаны ұйып қалыпты» деді. Сөйтіп қайталап курорттан қан алдыртып, Алматыға жіберді», - дейді қыздың анасы.
Алматының сарапшылары қыздың қанында АИТВ індетінің барын растаған. Әрі аты жаман ауру асқынып, соңғы сатыға бір табан қалыпты. Алайда, оның қашан және қай жағдайда жұққанын анықтау қиын.
Баланың анасы перзентінің қауіпті індетті шамамен 2006 жылы оңтүстікте балалардың жаппай АИТВ-ға шалдыққан кезінде жұқтырғанына сенімді. Өйткені дәл сол уақытта бүлдіршін Сайрамдағы ауруханада қатарынан екі жыл ем қабылдаған.
Естеріңізге салайық, 2005-2006-шы жылдары Оңтүстік Қазақстан облысының ауруханаларында дәрігерлердің салақтығынан балалар жаппай АИТВ індетіне шалдыққан болатын. Сол кезде өңірдің Денсаулық сақтау басқармасының басшылығы мен бір топ дәрігер сотталды.
Қазір, облыста аталмыш вирусты жұқтырған 232 бала бар. Соның 178-і ғасыр дертін ауруханаларда жұқтырғанын облыстық Денсаулық сақтау басқармасы да мойындап отыр.