ОҚО-да «Тәуелсіз елім-Қазақстаным!» атты тұрақтылықты ту еткен ерекше кеш өтті

АСТАНА. ҚазАқпарат - Шымкентте бейбіт өмір мен тұрақтылықтың, тыныштық пен татулықтың қадірін арттыруға арналған кеш өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

ОҚО-да «Тәуелсіз елім-Қазақстаным!» атты тұрақтылықты ту еткен ерекше кеш өтті

Оны Қазақстан халқы Ассамблеясының облыстағы өкілдігі мен «Ынтымақ» этносаралық мәдени бірлестігі ұйымдастырды.

Мерекеге жиналғандар алдымен арнайы көрмені тамашалады. Ынтымақ пен татулықтың көрінісін паш еткен этнос өкілдері ұлттық тағамдарын дайындап, он саусағынан өнер тамған шеберлердің бұйымдарын көпшіліктің назарына ұсынды. Ел тәуелсіздігімен қатар негізі қаланған «Ынтымақ» этносаралық мәдени бірлестігі аймақтағы молдаван, лезгин, гагауз, қарашай, болгар, чех, чуваш сынды аз этнос өкілдерін өз қанатының астына алып отыр.

Сондай-ақ, олардың салт-дәстүрін сақтау, мәдени құндылықтарын жаңғыртуға жағдай жасауда. Бүгінгі мерекені тойлауда барлық ұлт өкілдері шет қалмай, бірлігі бекем, тірлігі түзу ел екенімізді дәлелдеуге тырысты. Шара барысында қоғамдық келісімнің нығаюына сүбелі үлес қосқан жандар ерекше құрметке ие болды.
Еске сала кетейік, жалпы Оңтүстік Қазақстан облысында елімізде бар барлық этнос өкілдері тұрады. Олар бүгінгі таңда жері құнарлы аймақта адал еңбек етіп, жергілікті ұлтпен тату-тәтті ғұмыр кешуде.

Облыста олардың тілдері мен салт-дәстүрлерін ұмытпай үнемі ұлықтап отыруларына мүмкіндіктер барынша жасалған. Қазақ елінің кез-келген мерекесі мен көптеген елдік шараларына белсене атсалысады. Елбасы Н.Назарбаевтың үнемі елді бірлік пен татулыққа шақырып, тыныштықты сақтау мақсатында айтатын аталы сөздерін және ерен идеяларын мұндағы жұрт жоғары бағалайды.