ОҚО-да Тәуелсіздік мерекесін атап өтуге аудан орталықтары да ат салысуда
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облысының Сарыағаш ауданында ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығын атап өту жалғасуда, деп хабарлайды аудан әкімдігінің баспасөз қызметі. Ғасырға бергісіз 25 жыл ішінде толағай табыстарға қол жеткізген Қазақстан Тәуелсіздік салтанатын кең көлемде атап өтуде. Той қамына жыл басынан кіріскен сарыағаштықтар елдің игілігіне қызмет ететін шараларды қолға алып, жұртшылық назарына ұсынды.
Ел тәуелсіздігінің торқалы тойы Қапланбек ауыл округіне қарасты Сіргелі елдімекенінде болып өтті. Жиналған қауым көркемөнерпаздар ұжымы ұйымдастырған мерекелік концертті тамашалады. Салтанатты жиында сөз алған ел ағалары бұқараны тәуелсіздік күнімен құттықтап, ізгі тілегін білдірді. Бұл күні қоғам дамуына сүбелі үлес қосқан белсенділердің мерейі үстем болды. Олар облыстық мәслихат және аудан әкімінің алғыс хаттарына ие болды. Сан ғасырлық бабалар арманының орындалғанына - 25 жыл. Осы кезеңде қазақ тарихында бұрын-соңды болмаған табысқа жеттік. Бұл еліміздегі татулық пен бірліктің арқасы.
Сонымен қатар, Сарыағаш ауданы, Біртілек ауылдық округі əкімшілігінің ғимаратында Қазақстан Республикасы Тәуелсізідігінің 25 жылдығына арналған орай "Тәуелсіздік тірегім - Отан деп соқсын жүрегім" тақырыбында ауыл жастары және мектеп оқушыларының қатысуымен дөңгелек үстел болып өтті.
Дөңгелек үстел басында Біртілек ауыл әкім аппаратының қызметкерлері жастарды Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығымен құттықтап, тілектерін айтты.
Еліміздің Тәуелсіздігі үшін күрескен,бойында ұлттық рухы бар, Отанға деген патриоттық сезім қалыптасқан азаматтардың өмірін болашақ ұрпаққа үлгі-өнеге ету мақсатында бейнеролик көрсетіліп, жастардың Тәуелсіздігіміз жылдарындағы жетістіктеріміз туралы пікірлері тыңдалды.