ОҚО-да төрт айда 26 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылды
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облысында жыл басынан бергі 4 айда 26 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылды. Бұл туралы бүгін облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсия Темірбаева мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат ХАА тілшісі.
Басқарма басшысының сөзінше, ағымдағы жылы өңірде мемлекеттік және салалық бағдарламалар негізінде 66764 жаңа жұмыс орындары ашылатыны жоспарланып отыр. Оның ішінде, 5677 адам жұмыспен қамту органдары арқылы тұрақты жұмыс табатыны көзделген.
«Осы жылдың 1 мамырына 4870 жаңа жұмыс орындары ашылды. Оның ішінде, 115 орын «Индустриялық-инновациялық даму» бағдарламасы (42,1%), 396 орын «Бизнестің жол картасы 2020» (55,9%), 3987 орын мемлекеттік салалық бағдарламалар арқылы (23,1%), 237 орын «Өңірлерді дамыту» мемлекеттік бағдарламасы аясында (0,6%) ашылған. Бұл орындарға 1201 азамат жұмыспен қамту органдары арқылы орналасты», - деді Әсия Құралқызы.
Тілшілермен болған жиында басқарма басшысы биылдан бастап жүзеге асырылып жатқан «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасының» іске асырылу барысын баяндады. Үш бағыт аясында іске асырылып жатқан жаңа бағдарлама аясында республикалық бюджеттен 10879,6 млн.теңге бөлініп, 64 314 адам қамтылмақ.
Яғни, бірінші бағыт бойынша (Бағдарламаға қатысушыларды техникалық және қысқа мерзімді кәсіптік оқумен қамтамасыз ету) 2017 жылы 11 437 адамды оқыту көзделсе, 2,5 жыл мерзімде техникалық және кәсіптік білім алуға 4 584 адам ағымдағы жылдың 1 қыркүйегінен бастап жолданатын болады. Мұнан бөлек, жұмысшы кадрларды еңбек нарығында сұранысқа ие кәсіптер мен дағдылар бойынша қысқа мерзімді кәсіптік оқытуға 6853 адамды (мамыр, маусым айында) жолдау жоспарлануда.
Ал екінші бағыт (Жаппай кәсіпкерлікті дамыту) аясында 1500 адамды кәсіпкерлік негіздеріне оқытуға, 2075 адамды шағын несиелеуге қатыстыру, жалпы 3575 адамды қамту көзделіп отыр. Жыл басынан бері 101 адам кәсіпкерлік негізінде оқуға жолданды.
Үшінші бағыт (Халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және еңбек ресурстарының ұтқырлығы арқылы еңбек нарығын дамыту) аясында 49302 адамды қамту жоспарланды. Биылғы жылы 4 ай ішінде 25 426 Бағдарлама қатысушысына әлеуметтік қолдау шаралары көрсетілді. Оның ішінде, тұрақты және уақытша жұмыспен 35138 адам қамтылатыны жоспарланып, нақты 13 207 адам жұмыспен қамтылды. 5284 адам әлеуметтік жұмыс орындарына жолданып, 3005 адам жастар практикасына жіберілді. Сондай-ақ, 6 838 адамды ақылы қоғамдық жұмыстарға бағыттау көзделіп, нақты 3380 адам қоғамдық жұмыс орындарына барды.