ОҚО-да туған баласын ыстық сумен күйдірген әйел сотталды
Судьяның сөзінше, Ақмоншақ Батталғазиева айыпталушы сот отырысы кезінде өз кінәсін толық мойындаған және жасаған ісіне қатты өкінетінін айтқан. Оның үстіне, оның тағы да жүкті екені белгілі болды. Сот соған қарамастан, оны аналық құқығынан айырып, мүгедек ұлы мен 1 жасар қызын балалар үйіне өткізу жөнінде шешім шығарған. Сот үкімімен айыпталушы әйел Қылмыстық кодекстің 106-бабы 2-бөлігінің 3,11-тармақтары («Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтiру»), 110- бабының 2-бөлігінің 1-тармағында («Қинау») және 140-бабының 2-бөлігінде («Кәмелетке толмаған адамды тәрбиелеу жөнiндегi мiндеттердi орындамау») көзделген қылмыстарды жасағаны үшін кінәлі деп танылып, тиісті жазасын алды.
«Айыпталушы ашумен баласының қолымен бет тұсынан бірнеше мәрте ұрған, сонымен қатар, аяқ-қолдары денесінің басқа да жақтарынан көптеген дене жарақаттарын салған. Яғни, ұлын ұдайы ұрып соққан. Денесіне бірнеше рет ине сұққан, ұрып денесін көгерткен, күйдірген. Осылайша, сотталушы жасаған іс әрекетімен баласына ауыр зардап келтірген. Сондықтан оны бас бостандығынан айыру жөнінде шешім қабылданды», - деді судья Гүлнұр Саттарова.
Қазір тұңғышы Асыл Батталғазиев Шымкенттегі №3-ші балалар үйінде тәрбиеленіп жатса, қызы бөбектер үйіне өткізілген.
Айта кетейік, ағымдағы жылдың мамыр айында Ордабасылық келіншек Ақмоншақ Батталғаизева ұлы Асылды өлімші етіп сабап, тіпті ыстық сумен күйдірген еді. Кейіннен перзентінен бас тартқан болатын. Ал, ауыр жарақат алған 7 жасар бала Ордабасы аудандық, кейіннен облыстық балалар ауруханасында бірнеше ай бойы ем қабылдады. Дәрігерлер баланың басына ота жасағанымен, мүгедек болып қалды. Қазір ол Шымкенттегі балалар үйінде тұрып жатыр.