ОҚО-да туристер тобынан адасып кеткен екі әйелдің бірін ажал құшты
АСТАНА. 12 сәуір. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облысында туристер тобынан адасып кеткен екі әйелдің бірін ажал құшты.
Бұл туралы ҚР ТЖМ-нан хабарлады.
ОҚО-ның Төлеби ауданында орналасқан «Біркөлік» демалу орнында адамдардың жоғалғандығы туралы хабар, жексенбі күні кешкі сағат 9 шамасында түсті. Анық болғандай, осы күні Шымкент қаласынан Біркөлік демалу орнына 15 адамнан құралған топ келген. Түс уақытында туристер тауға серуендеуге шыққан. Бірақ екі әйел топтан қалып қойып, алдын ала келісілген жерге сағат 17.00-де келмеген.
Оларды іздеу жұмыстарына облыс бойынша ТЖ департаментінің шұғыл-құтқару жасағы жұмылды. Нәтижесінде 63 жастағы зейнеткер әйел таудың сағасынан табылып, құтқарылды. Таңертеңгі сағат 6 шамасында осы сағадан 56 жастағы екінші әйелдің өлі денесі табылды.