ОҚО-да ТЖД қызметкерлері наркологиялық диспансер ғимаратындағы өрт шығу себебін анықтауға кірісті

Жалпы көлемі 1939 шаршы метрді құрайтын ғимараттың 150 шаршы метрі жанып кеткен. Тілсіз жауды ауыздықтауға жеке құрамның 115 қызметкері мен 13 техника жұмылдырылды. Ғимаратта болған 20 адам басқа жаққа көшірілген. Абырой болғанда, өрттен зардап шеккендер жоқ. Жалын күндізгі 12.36-да сөндірілді.
Айта кетейік, бүгін күндізгі 12-лер шамасында Оңтүстік Қазақстан облыстық наркологиялық диспансерінен өрт шығып, дәрігерлер мен науқастар абыр-сабыр күйге түскен болатын. Әкімшілік ғимаратының шатырынан шыққан түтін әп-сәтте қызыл жалынға ұласты. Бастапқыда дәрігерлер оны өз күштерімен сөндірмекші болған көрінеді. Кейіннен ауыздықтай алмасын білген соң, өрт сөндірушілерді шақыртқан. Облыстық төтенше жағдайлар департаменті мамандары қазір өрттің шығу себептері мен шығын көлемін анықтауда.