ОҚО-да Ұлт жоспары бойынша ұтымды істер қолға алынды
Осы бағытта Оңтүстік Қазақстан облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы мен «Оңтүстік-Батыс мал және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының» бірлескен жұмысы нәтижелі. Қос ұжымның Сайрам ауданы Жібек жолы елдімекенінде өткізген арнайы семинарынан осыны аңғаруға болады. Тақырыпты тілшіміз Сенбек Құттыбайұлы толықтырады. Ірі қара мен уақ мал тұқымын асылдандыру. Жібек жолы ауылында өткен семинар-кеңесте осы тақырып көтерілді. Бұл бойынша ғылыми-зерттеу институтының белгілі ғалымдары аудандық ауыл шаруашылығы бөлімі, жергілікті шаруа қожалықтырының басшыларымен пікір алмасты. Білікті мамандар бір жыл бойы мал азығы қоректілігі құндылығы мен мал өнімін арттыру мақсатында атқарылған ғылыми-зерттеу жұмыстарын сарапқа салды. Ауыл шаруашылығы саласындағы ғылыми-зерттеу жұмысы Түлкібас, Сайрам, Отырар ауданындағы ірі қара мен қаракөл, қазақтың қылшық жүнді қойларын асылдандыру бағытында жүргізілді. Семинарға қатысушылар жыл бойғы нәтижелі жұмысты өзге шаруашылықтарға тарату керек деп шешті.
Мәселен, «Гүлжәмила» қожалығында алты жүзден астам асыл тұқымды ірі қара бар. Қолға алынған ұтымды жұмыстың арқасында шаруалар қарауындағы 200 сауын сиырдан бір жылда 110 тонна сүт өндіруге қол жеткізіп отыр. Сайрамдағы шаруашылық ұжымдары осылайша, ұлық жоспар - Ұлт жоспарындағы 60-ыншы және 61-інші қадамдарды басшылыққа алып, бақытын еңбектен тапты.