ОҚО-да үш анимациялық фильм түсіріледі

Бұл туралы облыс әкімі Ж.Түймебаев кино студиялардың жұмысымен танысу барысында мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат ХАА тілшісі.
«Оңтүстікфильм» мекемесінде болған аймақ басшысы шығармашылық ұжымға шағын автобус табыс етіп, өз туындыларымен әлемдік деңгейдегі мамандарды мойындатып үлгерген өнер орталығы - «САҚ» киностудиясының жұмысымен танысты. Әрі студия директоры, режиссер Нуриддин Паттеевке шығармашылық шыңдалу жолындағы жетістіктерімен құттықтап, облыс әкімінің Алғыс хатымен марапаттады.
Айта кетейік, жоғарыда аталған 3 фильмді анимациялық жанрда еңбек ететін осы киностудия түсіретін болады. Сонымен қатар, студия жетекшілігі әкім сапары кезінде облыс туризмін насихаттайтын «Көне жетігеннің сыры» атты телехикая сценарийін ұсынды. Тарихи тағылымы мол, табиғаты тамаша Оңтүстік Қазақстан облысы туралы жан-жақты дәріптеуге арналған сериалды өңір басшысы оң бағалап, қолдау білдірді.
Айта кетейік, бүгінде «Сақ» киностудиясының қорында 51 анимациялық фильм бар. Құрылғанына биыл 15 жыл толған шығармашылық ұжымда 40 анимация маманы жұмыс істейді. Жақында ғана киностудия әзірлеген туындылардың ішіндегі «Қазақ елі» толықметражды анимациялық фильмі Египеттегі Каир қаласында өткен «XX Халықаралық анимациялық фильмдердің форумына» қатысып, «Ең үздік толықметражды фильм» жүлдесіне және «Үздік режиссура», «Үздік музыка» номинацияларына ие болды. Бүгінде күнгейде кино саласын дамытуға атсалысып жүрген 9 жеке студия бар болса, олардың ішінде 4 киностудия - «Сақ», «Жайдарман», «Мейрам», «Көз тимесін» production» орталықтарының кино түсіруге мүмкіндігі мол. Кездесу соңында облыс басшысы өңірдегі барлық өнер ұжымдарына көлік сыйға тарту жоспарланып отырғанын жеткізді.