ОҚО-да үш этноқалашық салынады
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облысында үш этноқалашық салынады. Дүниежүзілік талаптарға сай қалашықтар Шымкент, Түркістан қалалары мен Отырар ауданында бой көтереді.
Бұл туралы Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаевтың төрағалығымен өткен қала құрылысы кеңесінің кезекті мәжілісінде мәлім болды. Сала мамандарының сөзінше, қалашықтар көне мұраларды сақтап, туристерге өңір тарихын кеңінен насихаттау мақсатында салынбақ, деп хабарлайды ҚазАқпарат ХАА тілшісі.
Қазақстан Республикасы Сәулетшілер одағының төрағасы Ақмырза Рүстембеков пен елімізге танымал сәулетшілер, сондай-ақ қалалық әкімдіктің өкілдері, сәулет, қала құрылысы және құрылыс істері бойынша жергілікті атқарушы органдардың, мемлекеттік сәулет-құрылыс басқармасының басшылары қатысқан кеңесте 10 сәулеттік жоба қаралды. Солардың ішінде Түркістан қаласын әлемдік деңгейдегі тарихи-мәдени орталық ретінде даму тұжырымдамасын бекіту, Отырар ауданындағы «Арыстанбаб» кесенесінің және «Көне Отырар» қалашығының айналасын абаттандыру мен Шымкент қаласындағы «Шымкент СИТИ» тұрғын үй кешені жанындағы этноқалашықтың эскиздік жобалары талқыланды.
«Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында туған жеріміздегі тарихи кешендерді қалыпқа келтіру мен оларды әлемге таныту жайында ерекше тебіреніспен жазды. Ал еліміздегі археологиялық мұралардың басым бөлігі Оңтүстік Қазақстан облысында. Сондықтан көне мұраларымызды сақтай отырып, бірлесе кеңесіп жаңа сәулеттік ғимараттарды дүниежүзілік талаптарға сай етіп салуымыз қажет. Ол ғасырларға қалатын ерекше ғимараттар болуы тиіс. Осындай сәулетті нысандарымыз арқылы туристердің санын арттыруға болады»,-деді Жансейіт Қансейітұлы.
Аймақ басшысы бірінші кезекте туризмді дамытуға үлес қосатын Түркістан қаласы мен Отырар ауданындағы жобаларды тездетіп қолға алуды тапсырды. Өйткені ЭКСПО-2017 көрмесі жақындап келеді. Аталған халықаралық көрме аясында облысымызға туристер ағылады деп жоспарланып отыр. Ең басты мәселе - туристік бағыттағы аудан-қалалардағы көшелер мен инфрақұрылымдық, сервистік қызметтердің сапасын жақсарту болып отыр.
Айта кетейік, Оңтүстік Қазақстан облысы қала құрылысы кеңесі бірыңғай сәулеттік және қала құрылысы саясатын іске асыру, қолға алынған жобалардың сапасын арттыру үшін құрылған.