ОҚО-да ұсталған қылмыстық топ мемлекетке 5,5 миллион теңге залал келтірген

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Бүгін Оңтүстік Қазақстан облысында ұсталған қылмыстық топтың алаяқтық әрекеттері туралы жаңа деректер белгілі болды. Өңірдің Мемлекеттік кірістер департаменті қызметкерлерінің мәлімдеуінше бес адамнан құралған топ мүшелері жұмыспен қамту бағдарламасына бөлінген қаржыны ұрлаумен айналысып келіпті. Қазірдің өзінде 5,5 миллион теңге мемлекетке залал келтіргені анықталған, деп хабарлайды ҚазАқпарат ХАА тілшісі. 

ОҚО-да ұсталған қылмыстық топ мемлекетке 5,5 миллион теңге залал келтірген

Мемлекеттік кірістер департаменті экономикалық тергеу қызметі мамандары күдікті әйел басқарған топ мүшелері алаяқтық іспен 2015 жылдан бері айналысып келіпті. Олардың мемлекетке 5,5 миллион теңге көлемінде залал келтіргені анықталған. Топ басшысының үйі мен көлігін тінту кезінде 180 дана пластикалық банк картасы, 2 миллионнан астам теңге, жеке кәсіпкерлердің мөрлері, 22 азаматтың жеке куәліктері, олардың еңбек және чек кітапшалары, жылжымайтын мүліктің құжаттары және алтын бұйымдар тәркіленген.

«Мекемелер ашылған кезде күдіктілер барып, алдын ала келіскен. Сөйтіп оларға басқаша түсіндіреді. Артынша ол азаматтардың атынан сенімхат алдырып, олардың атынан банкілік карточкалар ашқан. Сол мемлекеттен бөлінген қаржыларды карточкаларға аударып отырған. Кейіннен аударылған қаражаттың бәрін өзі алып отырған»,- деді ОҚО Мемлекеттік кірістер департаменті экономикалық тергеу қызметінің аға офицері Ғабидолла Садықов.

Десе де қылмыстық топ мүшелерінің арасында мемлекеттік қызметкерлер бар-жоғы анық айтылмай отыр. Мемлекеттік кірістер департаментінің мамандары тергеу жүруіне байланысты сезіктілердің аты-жөндері мен жұмыс орындарын құпия сақтап отыр. Сондай-ақ, банк карточкаларының иелері де анықталуда екен.