ОҚО-да заңсыз жолаушылар тасымалымен күрес күшейтілмек

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының мамандары заңсыз тасымалмен күресудің ерекше әдісін ойлап тапты, деп хабарлайды ҚазАқпарат ХАА тілшісі.

Ол үшін мамандар түрлі ауданаралық бағыттарда жолға шығып жүрген әрбір шағын автобусқа «Жолаушылар көлігі» деген жазуы бар облыстың логотипі мен тасымалдаушы мекеменің және бағыттың атауын орналастыруда,

Яғни, бұдан былай, қатынас көлігінде мұндай мәліметтері бар логотип болмаса, ол заңсыз жолаушылар тасымалымен айналысатын автокөлік болып табылады.

Бүгінге дейін басқарма мамандары ауданаралық тұрақты бағыттарға қызмет көрсететін 354 (75%) шағын автобусқа осынау белгілерді орнатып үлгерді. Айтуларынша, бұл жаңалық өңірдегі заңсыз тасымал қатынасын және соның кесірінен болатын жол-көлік оқиғаларын айтарлықтай азайтуға мүмкіндік береді. Өйткені, арнайы белгісі бар көліктерге бағыттарға шығар алдында күнделікті жолдама берілсе, бұл құжат көлік пен оны жүргізушінің тиісті тексерулерден өткендігін, жолаушылар үшін бұл шағын автобустар қауіпсіз екендігін айғақтайды.

Сондай-ақ күнгейдегі барлық автовокзалдарда жолаушыларды заңды тасымалдаушы көліктерге отырып қатынау бойынша үгіт-насихат жұмыстары қызу жүргізілуде. Өңір тұрғындарына заңды және заңсыз тасымалдаудың айырмашылығы көрсетіліп, тек заңды тасымалдау қызметін пайдалану қажеттілігі түсіндіріліп жатыр.

Мамандардың зерттеулерінше, автобустардың (шағын автобустардың) қатысуымен орын алатын жол-көлік оқиғаларының 90%-ы заңсыз жолаушылар тасымалына тиесілі екен. Заңсыз жолаушылар тасымалымен айналысатын автобустар (шағын автобустар) рейс алдындағы техникалық байқаудан, жүргізушілері рейс алдындағы медициналық тексерілуден өтпейтіндіктен адам өмірі мен денсаулығына үлкен қауіп төнеді.

Айта кету керек, бүгінде аймақта жолаушылар тасымалдау қызметін жеке меншік нысандағы 62 тасымалдаушы компания жергілікті атқарушы органдармен түзілген келісім шарттар негізінде жүргізеді. Оларға тиесілі 2724 автобус (шағын автобус) тұрғындарға қызмет көрсетеді. Облыстағы барлық жолаушы тасымалдау бағыттар желісі бүгінгі күні 392 бағыттағы 2266 кестеден тұрады. 

Соңғы жаңалықтар
telegram