ОҚО-да жаңадан құрылған Келес ауданында 135 мыңнан аса халық тұрады
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев Елбасы Жарлығына орай өңірде жаңа аудандардың құрылуына байланысты Сарыағаш ауданына барды. Жаңадан құрылған Келес ауданының орталығында өткен салтанатты шараға өңірдің депутаттары мен «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары және қоғам қайраткерлері мен зиялы қауым өкілдері, жергілікті тұрғындар қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Тарихи жиында алғашқы болып сөз алған аймақ басшысы ауданның бөлінудегі маңызына тоқталып, жергілікті жұртқа құттықтауын жеткізді.
«Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев халық тілегін орындап, еліміздегі ең үлкен ауданды екіге бөліп берді. Кезінде Келес ауданының даңқы мақта өндіру саласындағы жетістіктерімен бүкіл кеңестер одағына дүрілдеп танылды. Осы салада бұл өңірден көптеген Социалистік Еңбек Ерлері шықты. Бұл аудан Өзбекстанның 5 ауданымен шекараласады. Халқының саны 350 мыңнан асты, яғни кейбір солтүстік облыстардың халқының санына шамалап қалды. Елбасымыздың үлкен стратегиялық маңызы бар шешімімен қайта қалпына келтіріліп жатқан Келес деп аталатын аудан барлығымызға құтты болсын», - деді облыс әкімі.
Сондай-ақ, салтанатты шарада өңір басшысы аудан үшін тер төгіп, еңбек еткен азаматтарды «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» медалімен, Облыс әкімінің грамотасымен және алғыс хатымен марапаттады.
Айтулы тарихи күнде отандық эстрада жұлдыздарының концерті ұйымдастырып, жергілікті жұртқа мерекелік тарту жасалды.
Айта кететіні, енді жаңа құрылым бойынша Сарыағаш ауданының аумағы аумағы - 417074 гектарды, халқынының саны - 191 096-і құрайды. Құрамында 14 ауылдық округ пен 71 елді мекен болмақ. Орталығы - Сарыағаш қаласы болып қала бермек. Ал Келес ауданының аумағы 345 127 гектарды құраса, халқының саны - 135 819. Ауданда 12 ауылдық округ пен 83 елді мекен қарамағында болады. Орталығы - Абай ауылы деп бекітіліп отыр.