ОҚО-да жанармай бекетін тонап кеткендер жеті айдан кейін қолға түсті
Осы жылдың сәуір айында Сарыағаш аудандық ішкі істер басқармасының кезекші бөліміне жанармай бекетін тоналғандығы туралы хабар жеткен. Оқиға орнына барған тәртіп сақшылары белгісіз біреулердің медициналық маска киіп, станцияның оператор отыратын жеріне баса көктеп кіргенін анықтаған.
Қарақшылар бекет қызметкерлерін өлтіреміз деп қорқытып, кассадағы 200 мың теңгені қолды етіпті. Сарыағаштық із кесушілер осы қылмыстық оқиғаға қатысы бар деген үш күдіктіні қолға түсірді. 21 және 24 жастағы сезіктілерді ұстау барысында олардан суық қарудың оқ-дәрілері табылды.
Қазіргі таңда тонау қылмысына қатысқан төртінші күдіктіге іздеу жарияланды. Ал, ұсталғандардың үстінен Қылмыстық кодекстің 191 бабы «Тонау» және 287 бабы «Қаруды, оқ-дәрiлердi, жарылғыш заттарды және жарылыс құрылғыларын заңсыз иемдену, беру, өткiзу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру» әрекеттері бойынша іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде.
Күдіктілердің барлығы уақытша тергеу абақтысына қамалып, олардың өзге де қылмыстарға қатыстылығы анықталып жатыр.