ОҚО-да жарты жылда қырым қанды безгегін жұқтырған 5 адамның екеуі көз жұмды

Кенеден келетін кесел Мақтарал, Түлкібас, Шардара, Бәйдібек пен Отырар аудандары тұрғындарынан шыққан. Қазір жұқпалы ауру жұқтырғандардың екеуі көз жұмды.
Халық саны тығыз орналасқан өңірде құтыру ауруы да тіркелді. Биыл 6 айда құтыру дертін жұқтырған 2 науқас та қайтыс болды. Дегенмен сала мамандары бұл көрсеткіштер өткен жылдың осы мерзімімен салыстарғанда азайып отырғанын айтады. Ал, Түкістан, Шымкент қалалары мен Мақтарал, Сарыағаш, Қазығұрт, Сайрам аудандарында жануарлардан жарақат алғандар қатары бұрынғыша көбірек анықталған.
«Биылғы жылы аталған аурулардың алдын алу мақсатында аса қауіпті жұқпалы ауруларға күдікті науқастарды дер кезінде ерте анықтау және оқшаулау шаралары жүргізілді. Аула аралау жұмысын сапалы өткізуді үнемі ұйымдастыру, әрбір медицина ұйымдарындағы қызметкерлер тарапынан халық арасында үгіт-насихат жұмыстары қолға алынған. Бұқаралық ақпарат құралдары арқылы сұхбаттар мен ақпараттар беріліп, медицина мекемелерінің қызметкерлерінің кәсіби білім деңгейін арттыру мақсатында семинар-тренингтер өткізіп жатырмыз. Соңынан аттестация жүргізу қамтамасыз етіледі», - дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Мұқан Егізбаев.
Сонымен қатар тұрғындар арасында аса қауіпті жұқпалы ауруларды анықтау мақсатында кене шаққандарды, күдікке іліккендер мен ауырғандарды тіркеу жұмыстарының мониторингі жасалды. Бүгінге дейін аула аралау кезінде 130 мыңнан аса тұрғын қамтылған.
Ал, бүгін облыстық клиникалық аурухана базасында халықаралық CDC/CAR ұйымының клиникалық эпидемиологы Иван Ивасивтің қатысуымен семинар тренинг өтуде. «Аса жұқпалы аурулар. Конго-Қырым қанды безгегі және құтыру. Этиология. Эпидемиология. Клиника. Диагностика және емдеу. Профилактика. Дәрігердің тактикасы» тақырыбында ұйымдастырылған шарада облыстағы аса жұқпалы аурулардың алдын алу, анықтау бойынша медицина қызметкерлері біліктіліктерін арттыратып жатыр.