ОҚО-да жас қолөнер шеберлерінің байқауы өтті

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат -  Оңтүстік Қазақстан облысында жас шеберлердің «Алтын қазына» сәндік-қолданбалы қолөнер байқауы өтті. Өңірдегі колледж студенттері облыстық білім басқармасы ұйымдастырған сайыста өз өнерлерін паш етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ОҚО-да жас қолөнер шеберлерінің байқауы өтті

Байқауда жас шеберлер жеті бағыт бойынша бақ сынады. Тоқыма тоқу, металл өңдеу, саз илеу, ағаш, тері және шыныдан  бұйымдар жасаудан кіл мықтылар жиналды. Себебі, әрбір колледжде қолөнер бұйымдарын жасауға баулитын үйірмелер ашылған. Бүгінде білім алушылардың 25 пайызы - осындай үйірмелерге қатысады. Білім саласы қызметкерлерінің атап өтуінше, ендігі меже - осы көрсеткішті 50 пайызға жеткізіп, ұмыт болып бара жатқан қолөнер бұйымдарын жаңғырту.

«Байқаудың негізгі мақсаты -  оқушылардың шығармашылық таланттарын шыңдау. Сонымен қатар, ұлттық құндылықтарды дәріптеу. Бүгінгі күнде облыста 95 колледж болса, соның ішінде мемлекеттік 43 колледж бар. Білім басқармасына қарасты 36 колледждің 25-і бүгінгі байқауға қатысуда», -  дейді облыстық білім басқармасының бас маманы Лаура Жүнісова.

Байқау қорытындысы бойынша ең үздік бұйымдар іріктеліп, ең мықты шеберлер анықталды. Жүлдегерлер білім басқармасының алғыс хаттарына және бағалы сыйлықтарына ие болды.