ОҚО-да жастардың «Көршілер» форумы өтті
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облысында қазақ-өзбек жастарының басын қосқан «Көршілер» - жас көшбасшылар» форумы өтті. «Мәңгілік елдің» жастарына ұлағатты жол сілтейтін жобаға Алматы, Қарағанды, Қызылорда, Жамбыл және көрші Ташкент қаласының жастары да қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат ХАА тілшісі.
Жастар арасындағы өзекті мәселелерді шешу және оны болдырмау мақсатында ұйымдастырылған шара үш күнге созылды. Табиғат аясында бас қосқан қыз-жігіттер түрлі семинар-тренингтерге қатысты. Білікті модераторлардың әңгімесін тыңдады. Көрші Өзбекстаннан келген жастармен пікір алысып, тәжірибе алмасты. Қоғамдағы өзекті мәселелерді бірігіп шешуге, жат қылықтармен бірлесіп күресуге уағдаласты. «Басымыз біріксе, бағынбайтын шың, алынбайтын қамал жоқ» деген белсенді жастар нашақорлық пен сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жайын да сөз етті. Басқосуда үштұғырлы тіл саясаты назардан тыс қалмады.