ОҚО-да жазушы-драматург Еркінбек Тұрысовқа құрмет көрсетілді

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облысының "Түркістан" сарайында белгілі жазушы-драматург, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық "Алаш" əдеби сыйлығының лауреаты, Оңтүстік Қазақстан облысының жəне Бəйдібек ауданының Құрметті азаматы Еркінбек Тұрысовтың 90 жасқа толуына орай мерекелік кездесу кеші өтті. Облыстық мəдениет басқармасының ұйымдастырған шарала жазушының əдеби-шығармашылық қызметіне алпыс жыл толғаны да ерекше аталып өтілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ОҚО-да жазушы-драматург Еркінбек Тұрысовқа құрмет көрсетілді

Елбасы Н.Ə.Назарбаевтың " Болашаққа бағдар:рухани жаңғыру" мақаласы аясында өткізілген кешке облыс əкімінің орынбасары Ербол Садыр, облыстық мəслихат хатшысы Қайрат Балабиев пен Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің экс-депутаты,  қоғам қайраткері, "Құрмет" орденінің иегері Оразкүл Асанғазы қатысты. Сондай-ақ әдебиет кеште  Қазақстанның халық ақыны, "Парасат" орденінің иегері Əселхан Қалыбекова мен зиялы қауым өкілдері, ардагерлерлер мен аудан əкімдіктерінің  қызметкерлері және жастар болды. Кеш барысында қонақтар жазушының еңбек жолы мен қазақ әдебиетіне қосқана орасан еңбегі, кейінгі ұрпаққа қалдырған өшпес мұрасы жайлы айтып өтті. Айта кетейік, саналы ғұмырының алпыс жылын төл туындылары арқылы елге қызмет етуге арнаған қаламгердің 600-ге жуық тарихи және көркем публицистикалық шығармалары мəдениет пен әдебиеттің қазына қоржынын  байытып, өзіндік із қалдырып отыр. Ал, "Келіншектау", "Ақбақай", "Қыран тауы", "Құралай жолы", "Түндер сазы", "Шығыстың шың ұлдары", "Бəйдібек" атты дүниелері шығармашылық шыңына жетелеген асыл мұра ретінде оқырманға айрықша ыстық. Қарымды қалам иесімен өткен әсерлі кездесуде Жұмат Шанин атындағы академиялық қазақ драма театрының əртістері "Бəйдібек би" қойылымынан үзіндіні сахналады. Облыстың бірқатар өнер майталмандары концерттік бағдарламамен кештің көркін аша түсті.