ОҚО-да жергілікті тұрғынға пышақ салған полицей қызметінен кетті

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат  -  Оңтүстік Қазақстан облысы Созақ ауданында тұрғынға пышақ салып алған аудандық ІІБ бастығының орынбасары жұмысынан шеттетілді және оның бастығы да қызметінен кетті. Бұл туралы Облыстық ІІД баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ютуб» әлеуметтік желісінде жарияланған бейнематериал бойынша Созақ АІІБ бастығының бірінші орынбасары полиция майоры Олжас Амандықовқа қатысты қызметтік тексеру жүргізілді.

«Аталған жайт негізінде СДТБТ-не ҚР ҚК-нің үш бабы бойынша қылмыстық іс тіркелді: 149 «Тұрғынжайға қолсұғылмаушылықты бұзу» , 362 «Билікті немесе лауазымдық өкілеттіктерді асыра пайдалану», 293 «Бұзақылық». Бірнеше сараптама тағайындалды. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде» делінген хабарламада.

Сондай-ақ, облыстық ІІД-ге қарасты тәртіптік комиссиясының шешімімен Олжас Амандықов Ішкі істер органы қызметкерлері қатарынан босатылды. Оның осы әрекеті үшін  Созақ АІІБ бастығы мен оның тергеу ісі жөніндегі және қызмет бойынша орынбасарлары атқарып отырған лауазымдарынан шеттетілген. Бұдан бөлек, Облыстық ІІД Жергілікті полиция қызметі Созақ АІІБ ЖПҚ бастығын лауазымынан босату туралы ұсыныс Созақ ауданының әкімшілігіне жіберілген.

Еске салайық, бұған дейін әлеуметтік желілерде Олжас Амандықовтың қатысуымен болған видео әлеуметтік желілерге тарап кеткен еді. Оны түсіргендер жоғары қызметтегі шенеунік мас күйде бөтен біреудің үйіне баса көктеп кіріп, үй иесін ұрып-соқпақшы болғанын айтқан.

Бейне түсірілімде ер азамат «Сақшы түннің жарымында менің үйіме кіріп келді, мас, есін білмейді. Менің қолыма пышақ тығып алды» деп айтқан. Кейін төбелес болып кеткен.

Кейіннен келеңсіз оқиға Оңтүстік Қазақстан облысы Созақ ауданы Шолаққорған ауылында орын алғаны белгілі болды. Бейне түсірілімді түсіргендер, сондай-ақ, аудандық ішкі істер басқармасы басшылығының өздерінің қарамағындағылардың дөрекі әрекетіне көз жұма қарап отырғанын атап өткен еді.  

Бірнеше сараптама тағайындалды. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.  Қазіргі таңда Амандықов уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. 

Соңғы жаңалықтар
telegram