ОҚО-да жоғалған жеті жасар қызды іздеуге сүңгуірлер кірісті
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облысы, Сарыағаш ауданында жоғалған жеті жасар Инабат Мұхтарқожаны іздеуге сүңгуірлер жұмылдырылды. Бұл туралы облыстық ТЖД баспасөз қызметінің бас маманы Зарипа Тұрысбекова мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бас маманның айтуынша, 7 жасар қыз жоғалған Ақниет ауылы маңынан Таскен каналы өтеді. Туыстары жоғалған жеткіншектің сол каналға түсіп кетуі мүмкіндігін айтқан.
«Бізге қыздың жоғалғаны туралы хабар кеше түнде жетті. Оқиға орнына бүгін таңертең сағат 6.40-тан бастап Шардара жедел құтқару бекетінен 6 құтқарушы жетіп, іздестіру шараларын жүргізуде. Оларға 1 техника мен 1 қайық берілді»,- дейді Зарипа Тұрысбекова.
Қазір оқиға орнына Сарыағаш аудандық ішкі істер қызметкерлері де жұмылдырылған.
Бірінші сыныпта оқитын Инабат Мұхтарқожа 26 наурыз күні Сарыағаш ауданындағы Ақниет ауылында үйдің ауласында ойнап жүрген жерінен жоғалып кеткен болатын. Қыздың анасы Ақбота Кәукешованың айтуынша, қыз бала нағашыларына қыдырып барған.