ОҚО-да жолдардың 36 пайызы жарамсыз күйге түскен
Мәселен, Бәйдібек ауданындағы жолдардың жартысынан көбі жүруге жарамай қалған. Ал, Түркістан қаласында жолдардың 48 пайызы тозған. Сондықтан жөндеу жұмыстары алдымен осы аумақтардан басталады. Ал, көлік дәлізінің жағдайын жақсартуды көздеген сала мамандары екінші жартыжылдықта бөлінетін қаржы көлемін көбейтіп, сапалы жолдар санын арттырмақ.
«Мәселен, Бәйдібек ауданында 251 шақырымды құрайтын жолға құрылыс-жөндеу жұмыстары жүргізіледі деп жоспарлап отырмыз. Бұл алдыңғы жылдармен салыстырғанда аудан үшін жақсы көрсеткіш деп ойлаймын. Сол сияқты, Қазығұрт ауданында 158,6 шқ., Мақтааралда 119,7 шқ., Түркістанда 112,7 шқ., Сайрамда 97,8., Түлкібаста 68,7 шақырым жолда құрылыс-жөндеу жұмыстары басталады. Мұндай жұмыстар өңіріміздегі өзге де аудан, қалаларда жүреді», - деді Нұрлан Мархабатұлы.
Сондай-ақ, Қазығұрт асуындағы ескі күре жол да қайта жөндеуден өтеді. Оған кететін шығын бастапқы келісімшарт бойынша Республикалық бюджеттен қаралмақшы. Ал, Шымкенттегі көлік қозғалысын реттеу үшін алдағы уақытта бес бірдей жолайырық салынатын болады. Алдағы төрт жылда өңірдегі жолдардың 71 пайызы жақсы жолдар санатына кіреді деп күтілуде.
Облыстағы күре жолдардан бөлек, сондағы көпірлердің де мәселесі қиындық туғызып отыр. Өйткені, өңірде басқармаға қарасты 420 көпір болса, соның 121-і тез арада жөндеуді қажет етеді. Биыл соның жиырмаға жуығын жаңарту жоспарланып қойыпты. Басқарма басшысы оларды бюджеттің мүмкіндігіне қарай кезең-кезеңімен жөндеп, 2020 жылға дейін толық бітіреміз деп отыр.