ОҚО-да жыл басынан бері 200-ден аса адам жол апатынан көз жұмған
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облысында жыл басынан бері сегіз айда 218 адам жол апатынан көз жұмған. Бұл туралы ҚР Бас прокуратурасы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің ОҚО бойынша басқармасы мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат ХАА тілшісі.
Басқарманың мәліметінше, осы уақыт аралығында оңтүстікте бас-аяғы 1282 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 1821 адам түрлі дене жарақатын алған. Жол апаттарының басым бөлігі облыс орталығында тіркеліп отыр.
Шымкентте сегіз ай ішінде 471 оқиға орын алса, одан кейін Сарыағаш ауданында 200 рет көліктер соқтығысып қалған. Ал, Мақтарал ауданында 141, Түркістанда 92 жағдай болған. Жол апаттарының 63 пайызында жүргізушілер жаяу жүргіншіні қағып кеткен. Сондай-ақ, рульде мас күйінде автокөлік басқарған тұлғалардың кінәсінен 22 оқиға тіркелген.
Жүргіншінің кінәсінен 2 жол-көлік оқиғасы болса, 109 жағдайда жол апатын жасаған жүргізуші оқиға орнынан қашып кеткен.
Адам өлімі бойынша да осы жоғарыда аталған қала, аудандар алдыңғы қатарларда тұр.
Атап айтқанда, жол-көлік оқиғасы зардабынан Шымкент қаласы мен Сарыағаш ауданының әрқайсысында 39 адам, Түркістан қаласында - 20, Мақтарал ауданында - 18, Ордабасы ауданында - 17 адам жол апатынан қаза тапқан.
Сала мамандары жол апатынан әсіресе балалар зардап шегеді деп отыр. Мысалы, осы жылдың 8 айында орын алған 1282 жол-көлік оқиғасының 463-інде балалар зардап шеккен. Олардың 433-і жарақат алса, өкінішке қарай 30-ы көз жұмған.
Соңғы 5 жылға жүргізілген талдау қортындысы балалар үшін тамыз және мамыр айлары жолда жүруге қауіпті болатынын көрсетті. Осы мезгілде жол-көлік оқиғасына ұшыраған бала саны артып отыр.