ОҚО-да жылдам өсетін ағаштың 37 мың түп көшеті отырғызылды
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облысы, Сарыағаш ауданында әлемдегі ең жылдам өсетін ағаштың 37 мың түп көшеті отырғызылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Еуропадан әкелінген Павловния ағашының көшеті бұл күнде 2 гектар аумақты алып отыр. Айналасы 5 жылда 30 метрге дейін өсетін талдың саясы кең, алты апта бойы гүлдеп тұрады. Шілденің аптап кезеңдерде ауаны тазартуда да рөлі орасан. Саялы Сарыағаш ауданының топырағына жерсіндірілген дарақ әсіресе жиһаз бен музыкалық аспап жасауға таптырмайды.
Ал ерекше ағашты Сарыағаш жеріне жерсіндіруді жеке кәсіпкер Балтабай Құрбанбаев жүзеге асырған. Бүгінде оның қожалығында Павлония көшеттері жайқалып өсіп тұр. Бағбанның сөзінше, ағаш өнімдеріне деген сұранысы көп оңтүстік өңірі үшін бұл дарақтың әр үш жылда 8 рет кесіп алып, қажеттілікке жаратуға тиімді тұстары көп.
«Бұл ағаш түрінің тиімділігі мол. Былтырғы жылы Еуропадан арнайы әкеліп отырғыза бастадық. Аталған дарақ үшін Сарыағаштың топырағы мен климаты да өте қойлайлы. Сондықтан бұл ағаш түрін жерсіндіруге жүрексінген жоқпыз», - дейді Балтабай Құрбанбаев.
Бір қызығы, бұл ағаштың жапырақтары көктемде бүршік жармас бұрын гүлдейді екен. Кәсіпкердің айтуы бойынша талдың күтімі жақсы болса, 100-180 жылға дейін өмір сүреді.