ОҚО-да зиратты су шайып, марқұмдардың сүйектері өзенге ағып жатыр
Маятас аулының тұрғыны Түймебай Базаров былтыр қазан айында қаза болған 65 жастағы құдашасын осы Зертас ауылындағы зиратқа жерлеген. Ол зиратта шашылған сүйектерді көргенде шошып, көпке дейін өз-өзінен келе алмағанын айтады.
Ескі зираттың бір бөлігін су шайып кеткен. Ал ол суды қарияның айтуынша, Тоғыс, Елтай, Қаратас, Сайрам ауылдарының тұрғындары пайдаланып отыр.
Зертас ауылының әкімдігі зираттағы жағдайдан хабардар. Қандай да бір жұмыс атқаруға аудандағы басшылардың қаржы бөлгенін күтіп отыр. Ал ауылдықтар шара тез арада қолданылмаса, зиратты су шайып кететінін айтуда.
«Бұл мәселе біздің назарымызда. Ол жерге көктемде ағаш отырғызып, аудандық Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығына хат жолдап, бетондауды және судың арнасын бұруды сұранып отырмыз», - дейді Төлеби ауданы Зертас ауылы әкімінің орынбасары Ерлан Сапаров.