ОҚО-дағы 43 су қоймасының 9-ы барынша толған

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облысында 43 су қоймасының 9-ы барынша толып, транзиттік режимге көшірілген. Бұл өз кезегінде су қоймаларының нөсерлеп жауған жауын-шашын мен таудағы қардың ерінді суларын қауіпсіз қабылдап өткізу мүмкіндігін төмендеткен. Облыс әкімдігінде өткен көктемгі тасқынның алдын алу шараларын талқылауға арналған жиында өңірдің Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Нұрболат Дербісов осындай мәлімдеме жасады, деп хабарлайды ҚазАқпарат ХАА тілшісі.

ОҚО-дағы 43 су қоймасының 9-ы барынша толған

Облыс көлемінде су тасқындарының алдын алу мақсатында атқарылып жатқан жұмыстарға орай ұйымдастырылған жиында Нұрболат Бекболатұлы өңірде қалыптасып отырған жағдайлар жөнінде баяндады. Оның айтуынша, өңірдегі су қоймаларында қауіпсіз режимді сақтау барынша күшейтілген.

«Мәселен, Жамбыл облысында жауған қатты жауын-шашын мен таудағы қардың еруі салдарынан 30 наурызда Жуалы ауданынан басталатын Боралдай өзенінің суы 375 см-ге көтеріліп, Боралдай елді мекенінің тұсында ағысы секундына 250 текше метрді құраған. Жергілікті әкімдік пен полиция, өрт сөндіру бөлімдерінің қызметкерлері тұрғындармен бірігіп, қорғаныс дамбаларының осал жерлерін көтеріп, нығайтып, тәулік бойы қауіпті жерлерге кезекшілік ұйымдастыру сияқты атқарылған жұмыстардың арқасында біз үлкен тасқын суды өткізіп, Түлкібас ауданындағы бірнеше елді мекендерді су басудан қорғадық»,-деді Дербісов.

Боралдай өзенінің тасқын суы 31 наурыз күні Арыс өзеніне қосылып, судың ағысы секундына 243 текше метр жылдамдықпен өткен. Соның салдарынан Ордабасы ауданы аумағындағы «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» тасжолының 2226 шақырымдағы Арыс өзенінің арнасының үстінен өтетін көпірдің тіректерінің жан-жағын су шайып, опырылып құлауына әкеп соқтырған. Қалыптасқан жағдайдан болуы мүмкін төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында Облыстық ТЖБ қызметкерлерімен жолға уақытша шектеу қойылып, қатынас Ордабасы ауданының Темірлан елді мекеніндегі жол арқылы жүргізілген. Осыған байланысты өзен арналарында қажетті шараларды атқару, барлық өзен сулары мен су қоймалары қатаң бақылауға алынып, мониторинг жасау жұмыстары жүргізілуде.

Төтенше жағдайлардың алдын алу және зардаптарын жою жөніндегі мәжілісте облыс әкімінің орынбасары Ұласбек Сәдібеков өңірде сақтық шараларды тыңғылықты орындауды жүктеді.

«Өңірдегі көктемгі су тасқынының ерекшеліктерін ескере отырып, оған жан-жақты дайындалмаса болмайды. Қала және ауданға қарасты аумақтарда су басу қауіпті жерлерде үнемі визуалды зерттеу жұмыстарын жүргізу керек. Су арналары мен арықтарды қоқыстардан тазалап су өткізу қабілетін жоғарылату және су қоймаларында қауіпсіз режимді сақтауды басты негізге алу шарт»,- деді облыс әкімінің орынбасары Ұласбек Сәдібеков.

Жиынды қорытындылаған облыс әкімінің орынбасары тиісті мекеме басшыларына, сондай-ақ аудан әкімдеріне көктемгі су тасқынына байланысты жағдайды күнбе-күн бақылап, мониторинг жасап, барлық қажетті шараларды қолға алуды тапсырды.