ОҚО-дағы ауылдарда 107 әкім сайланды
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облысында 7-24 тамыз күндері аралығында ауылдық округ әкімдерін сайлау науқаны өтті. Облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Әлібек Өмірәлиев сайлаудың қорытындысымен таныстырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат ХАА тілшісі.
Әлібек Кәденұлының айтуынша, өңірде сайлау 107 округ бойынша өткен. Онда 320 үміткер тіркеліпті. Араларында 18-і әйел де бар. Тіркелгендердің 264-і «Нұр Отан» партиясының мүшелері саналады. Ал, қалғандары партиялылығын көрсетпеген. Биыл додаға түскендердің басым көпшілігін жасы елуден асқан азаматтарды құрады
«Сайлаудың қорытындысы бойынша 107 әкім сайланды. Саяси науқан ережеге сай өтті. Науқан барысында аудандық, қалалық сайлау комиссиялары жұмыс істеді. Сайлауда үміткерлер белсенділік танытып, олардың арасында шынайы бәсеке болды. Сайланған ауыл әкімдердің арасында ең жасы Отырар ауданы, Шілік ауылының әкімі - Ж.Сейітжанов. Жансұлтан Әділжанұлы 25 жаста. Ал, әкімдер арасында ең жасы үлкені Мақтаарал ауданында тіркелген. Мақталы ауыл округінің әкімі 62 жаста. 107 әкімнің 68-і қайта сайланса, қалғандары ауыл әкімі лауазымына алғаш рет кірісті»,- деді облыстық сайлау комиссиясының төрағасы.
Айта кетейік, Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың Жарлығына сәйкес, 2013 жылдан бері ауыл әкімдерін сайлау өткізіліп келеді. Сол жылы республика бойынша 181 ауыл округінің әкімі сайланды. Ауылдық округ әкімінің басқа жұмысқа ауысуы, зейнеткерлікке шығуы, қоныс аударуы, денсаулығының сыр беруі сияқты әртүрлі себептерге байланысты босаған орындарына 2014 жылы -8, 2015 жылы -24, ал, өткен жылы -42 ауыл округі әкімдері сайланған.