ОҚО-дағы инкубатордан табиғат аясына жылына 600-ден астам дуадақ ұшырылады

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облысында араб инвесторларының көмегімен дуадақ өсірілуде. Бәйдібек ауданында араб инвесторы Шейх Халифа Бен Зайд Аль-Нахайянның қолдауымен құрылған құс тұқымбағынан табиғат аясына жылына 600-ден астам дуадақ ұшырылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат ХАА тілшісі.

ОҚО-дағы инкубатордан табиғат аясына жылына 600-ден астам дуадақ ұшырылады

Бүгінгі таңда 895 гектар жер көлемін алып тұрған орталыққа 3,5 млрд теңге шетел инвестициясы тартылған. Әрі ауданның 156 тұрғыны осы жерден тұрақты жұмыс тауып отыр. Аталмыш инкубатор соңғы үлгідегі құрал-жабдықтармен жарақтандырылған. Мұнда өсіріліп жатқан құстар онлайн режимде бақыланып, оларға жем-су бекітілген тәртіппен беріледі. Жалпы тұқымбақтағы дуадақтар өңірдің Созақ ауданындағы Бетпақдала аймағына жіберіледі. Араб тарапы Қазақстан алдындағы өз міндетін орындау үшін 2010-2017 жылдар аралығында Қазақстанның табиғатына барлығы 2 мыңға жуық дуадақ ұшырған.

1

«Алдағы 2016-2018 жылдары жобаның үшінші кезеңін жүзеге асыру мақсатында 13 млрд. теңге шетел инвестициясы тартылған. Егер үшінші кезең еңсерілсе, жылына 15 мыңға жуық дуадақ ұшыру жоспарланып отыр. Сондай-ақ жұмысшылар санын 400-ге жеткізу көзделуде»,- дейді тұқымбақ орталығының басқарушы директоры Роман Бакиев.

Айта кетейік, мұндай инкубаторлар әлемнің үш елінде яғни, Морокко, Біріккен Араб Әмірлігі мен Қазақстанда ғана бар. 2005-2006 жылдары Қазақстан мен Біріккен Араб Әмірлігі елімен өзара келісім негізінде жабайы дуадақтың ұясынан жұмыртқасы алынып, инкубациядан кейін құстарды Біріккен Араб Әмірлігінің орнитологиялық бағына жеткізілген болатын. Содан бері дуадақ құсы бұрынғы Отаны - Қазақ жерінде де өсіріле бастады.

2