ОҚО-дағы өртенген көліктен табылған кісі өліміне қатысты күдікті ұсталды
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облысы, Түлкібас ауданында өртенген көліктің жүк салғышынан мәйіт табылған болатын. Осы қылмысқа қатысы бар деген күдікті ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Облыстық ІІД баспасөз қызметінің мәліметінше, марқұмның 30-35 жас шамасындағы Шымкент қаласының тұрғыны екенін анықталды. Ал, ұсталған 33 жастағы сезікті Алматы қаласының тұрғыны болып шықты. Түлкібас аудандық соты тергеу шаралары жүргізілген екі ай мерзімге күдіктіні қамауға алу туралы санкция берді. Оның үстінен Қылмыстық кодекстің «Кісі өлтіру» бабы бойынша іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде.
Ауыр қылмысқа қатысты екінші күдікті іздестірілуде. Қазіргі таңда полицейлер оқиғаның мән-жайы анықтауда.
Еске салайық, осыдан үш күн бұрын Түлкібас ауданындағы Құлан өзенінің бойында бір көлік өртеніп кеткен еді. Тексеру барысында көліктің жүк салғышынан ер адамның мүрдесі табылған болатын.