ОҚО-дан солтүстікке қоныс аударуға ниеттенген 125 отбасы жолға шықты
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облысынан солтүстікке қоныс аударғысы келетін 125 отбасы жолға шықты. Олардың арасында 10-ға тарта шаңырақ буынып-түйініп, қоныстануға қамданған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Алыс жолға шыққандардың басым көпшілігі теріскейдегі мүмкіндіктермен танысып қайту үшін аттанды. Олар солтүстік облыстарынан тұрақты жұмыс тауып, жері құнарлы өңірде егіншілік пен құс шаруашылығын түлетсек дейді. Павлодар, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстарына қоныс аударушылардың ішінде бұған дейін ондағы жағдайдың жай-жапсарымен танысып келгендер де аз емес. Сала мамандарының сөзінше, қоныс аударғандар тұрғын үй, жер, әлеуметтік пакетпен қамтамасыз етіледі. Әрі бұл жағдай әкімдіктегілердің тікелей бақылауында болады. Өзге өңірге жиналған көшті жергілікті билік өкілдері мен халық қалаулылары шығарып салды.
Айта кетейік, 2015-2017 жылдар аралығында 400-ге тарта отбасы солтүстікке қоныс аударған. Олар жұмыспен қамтылып, әр түрлі салада жемісті жұмыстар атқаруда. Көш биыл да жалғасады. Жыл аяғына дейін тағы 665 отбасы қоныс аударады деп жоспарланып отыр.