ОҚО дәрігерлері алғаш рет жүрек алмастыру отасын жасады

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстанда алғаш рет жүрек оталары жасалды. Бұл туралы облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Мұқан Егізбаев мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат ХАА тілшісі.

ОҚО дәрігерлері алғаш рет жүрек алмастыру отасын жасады

Баспасөз мәслихатында Түркиядан арнайы келіп Шымкентте шеберлік сабағын өткізген Ыстанбұл қаласы ауруханасының бөлім меңгерушісі, медицина ғылымдарының докторы Белхам Акпинар мен кардиоорталықтың бас дәрігері Спандияр Бекжігітовтер де ота жайында ақпар берді.

«Екі күнде жүректің қақпақшалар құрылымдарын реконструкциялау мен протездеу және интраоперациондық радиожиілік абеляциялауды пайдалана отырып аротокоронарлық шунттау отасын 5 науқасқа жасадық. Бұл ота жүректің ишемиялық ауруымен қатар, қақпақшаларының зақымдануы анықталып, ырғағының бұзылуы асқынған науқастарға жасалынады»,-деді Белхам Акпинар.

«Бұл кәсіби мамандардың мақсаты облыстағы дәрігерлердің біліктіліктерін арттыру, халықтың денсаулығын жақсарту, күрделі оталарды дәрігерлерімізге үйрету. Бұрын мұндай оталар Алматы мен Астанадағы республикалық орталықтарда ғана жасалып келген болса, облыстық деңгейде алғаш рет қолға алынды. Бұл әлемнің кез келген дамыған елінде жасала бермейтін күрделі ота. Айта кетуіміз керек, жасалған оталардың барлығы да мемлекет есебінен қаржыландырылған, тегін»,- деді Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы.

Мұқан Егізбаев сондай-ақ түрік елінің мамандарымен келісімге келгенін атап өтті. Оған сәйкес, жергілікті дәрігерлер түрік еліне барып, біліктіліктерін жетілдіретін болады. Ал, жол шығындарынан басқасын, ас-ауқатынан бастап, жататын орны мен оқуына дейінгі шығындарды түгел Түркия тарапы өз міндетіне алып отыр. Бұл облыс дәрігерлеріне берілген мол мүмкіндік, үлкен көмек болмақ. Келешекте мұндай күрделі оталарды өңірдің дәрігерлері де жасай беретін болады.

«Бұл бір адамның қолынан келетін ота емес, кемінде үш дәрігер қатысады. Отаның алғашқы кезеңін біздің қатысуымызбен Белхам мырза жасады. Одан кейінгісін мен жасадым, профессордың кеңесімен. Бәріміз үйрендік. Отаға байланысты сұрақтарымызға қанағаттанарлық жауабымызды алдық. Қажетті деректерді жазып алдық. Оқып, оң нәтиже шығарып, әрі қарай жалғастыра алатынымызға сенімдімін. Көпшіліктің көзінше уәде де бере аламын. Бүгін соның айғағы ретінде өзіміз ота жасайтын бір науқасты отаға дайындап жатырмыз»,- деп ағынан жарылды кардиохирургия бөлімінің меңгерушісі Бауыржан Байтөре.

Соңғы екі жылда облыстық кардиоорталықта 620 жүрекке ота жасалыныпты, 2015 жылы - 310, 2016 жылы - 310. Қазақстанда кардиохирургиялық ота жасайтын 27 орталық бар. Соның ішіндегі Алматы қаласындағы А.Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығында былтыр 274 ота жасалыпты. Шымкентте бұл көрсеткіш 46-ға көп. Жалпы, облыстық кардиоорталықта соңғы 7-8 жылда 3000 жүрекке ашық ота жасалған.