ОҚО дәрігерлері Оңтүстiк Кореяның медицина орталықтарында тәжірибе алмасады

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Оңтүстікқазақстандық дәрігерлер Оңтүстiк Кореяның медицина орталықтарында тәжірибе алмасады. Өңірге Сеул қаласындағы Сун Чон Хян атындағы университет жанындағы көпсалалы медициналық орталығынан келген мамандармен кездесу барысында осындай келісім жасалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат ХАА тілшісі.

Орталықтың директоры, доктор, профессор Ким Хён Чоль бастаған дәрiгерлер Шымкенттегi облыстық клиникалық аурухананың басшыларымен кездесiп, медициналық мекеменiң жағдайымен танысты.  Екi тарап арасындағы ынтымақтастық жөнiндегi арнайы меморандумға қол қойылды.  Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Мұқан Егiзбаев осы келiсiм аясында шетелдiк мамандардың облыстағы дәрiгерлер арасында шеберлiк сыныптарын өткiзiп,  озық технологиялармен таныстыратынын атап өтті. Өйткені шетелдік дәрігерлер ағза ауыстыру, трансплантация саласында мол тәжірибе жинақтаған. Олар сондай-ақ  балалар арасында туабiттi таңдайдың жоқтығы, ауыз қуысының дұрыс қалыптаспауы сияқты кемiстiктер олардың сөйлеуiне, тiптi күлуiне де мұрша бермейтiн көрiнедi. Осындай ақаулары бар талай сәби Ким Хён Чоль басқарған бiлiктi мамандардың көмегiмен құлан таза айыққан.

«Оңтүстiккореялық мамандар тек ересектердi ғана емес, бүлдiршiндердi де емдеуден бай тәжiрибе жинақтаған. Бүгінде балалар арасында мұндай қауiптi аурулар көбейiп келедi. Өңiрiмiздiң денсаулық сақтау саласын өркендету үшiн алдағы уақытта бiз бiр мемлекетпен, яғни бiр ауруханамен қарым-қатынасты жолға қоюмен ғана шектелiп қалмаймыз. Мұндай тиiмдi жобаларды әрi қарай жоспарлаудамыз», - дедi облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы  Мұқан Егізбаев.

Басқарма басшысы ағылшын тiлiн жетiк бiлетiн жергiлiктi екi маман жақын арада Корея мемлекетiне бiлiктiлiгiн арттыруға барады деп отыр. Олардың оқу ақысы мен жол шығындарын аталмыш басқарма өз мойнына алмақ. Оңтүстiк Кореяның медицина саласындағы тамаша жетiстiктерi көп екенiн ескерсек, облыстағы ақ халаттылар кәсiби шеберлiгiн арттыруы аса маңызды. Кезiнде Оңтүстiк Корея елiнiң дәрiгерлерiн денсаулық сақтау iсiндегi заманауи технологиялармен таныстырып, озық тәжiрибеге баулыған алпауыт АҚШ мемлекетiнiң бiлiктi майталмандарынан көп нәрсені үйренген. 

«Өмiр бiр орнында тұрмайды. Жаңалыққа күнделiктi iлесiп отырмасаң, көштен қаласың. Әсiресе, медицинадағы жаңалықтар шапшаң даму үстiнде. Сондықтан біз үнемі тәжірибемізді дамытып отырамыз. Бiзге көмекке жүгiнген науқастарға жан-жақты медициналық тексерулер толық жүргiзiлетiн болады. Ең бастысы, ауыр науқасқа шалдыққан азаматтарға үмiт сыйлай аламыз», - дейдi профессор Ким Хён Чоль.

Соңғы жаңалықтар