ОҚО: Екі жасөспірімді пышақтаған күдіктіге қатысты қылмыстық іс қозғалды

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облысында екі жасөспірімге пышақ жарақатын салған күдіктіге қатысты «Адам өлтіруге оқталу» бабымен қылмыстық іс қозғалды. Бұл туралы облыстық ІІД-нің баспасөз қызметінен мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

ОҚО: Екі жасөспірімді пышақтаған күдіктіге қатысты қылмыстық іс қозғалды

«Полицейлер жасөспірімге қатысты адам өлтіруге оқталу фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстарын бастады. Тергеу барысында кәмелет жасқа толмаған жасөспірімдер арасында төбелес болғаны анықталды. Жанжал нәтижесінде сезікті деген 15 жастағы жасөспірім 16 жастағы екі жәбірленушіге пышақ жарақатын салып, оқиға орнынан бой тасалаған. Сол күні тәртіп сақшыларының жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде көрші ауылда тұратын күдікті ұсталды. Бірнеше сараптамалар тағайындалып, сезікті жасөспірім қамауға алынды»,- делінген хабарламада.

Еске салайық, оқиға Ордабасы ауданына қарасты Бірлік ауылында болды. Наурыз мерекесі тойланып жатқан елді мекен орталығына көрші Жамбыл ауылының тұрғындары келіп, жергілікті жасөспірімдерді пышақтап кеткен. Салдарынан зардап шеккен екі студент Темірлан ауылындағы ауруханаға жеткізілді.