ОҚО-ға арнайы сапармен келген БҚО делегациясы аймақтағы зауыттарды аралады

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Оңтүстік өңірге арнайы сапармен келген батысқазақстандық делегация бүгін оңтүстіктегі зауыттарды аралап көрді. Шымкенттік кәсіпорындардың жұмыс барысымен танысқан олар екіжақты өзара келісімге келді, деп хабарлайды ҚазАқпарат ХАА тілшісі.

ОҚО-ға арнайы сапармен келген БҚО делегациясы аймақтағы зауыттарды аралады

Батыстан келген кәсіпкерлер алдымен «Еврокристал» серіктестігін барып көрді. Бірегей өндіріс орны жылына 60 млн шыны құты шығарады. Оңтүстікте бұл серіктестікпен бәсекелесе алатын ұйым жоқ. Зауыт әзірге қазақстандық сұраныстың тек 20 пайызын жабуға қауқарлы.

null 

«Отандық тұтынушылардың сұранысын бұдан бөлек, алматылықтар қанағаттандырып отыр. Ондағы кәсіпорын қажеттіліктің тек 30 пайызын қамтиды. Ал, қалған 50 пайыз өнім шетелден тасымалданады. Импорттық өнімдер біздікіне қарағанда қымбатырақ. Сол себепті осындай ұжымдар арқылы отандық өнім көлемін ұлғайтуды көздеп отырмыз»,- дейді серіктестік басшысы Рустам Сухов.

Табиғи газ өндіруде көш бастап тұрған батысқазақстандықтар Шымкенттің мотор майын шығаратын зауытына да бас сұқты. 135 адам жұмыспен қамтылған серіктестік өнімінің 99 пайызын ішкі нарыққа жолдауда. Бұдан бөлек, облыстың тоқыма кластері де дамып келеді. Арнайы делегация оған «Әлем БТ» шұлық тоқу фабрикасына келгенде көз жеткізді. Жеңіл өнеркәсіп кешенінің өндірісінде тоқтау жоқ. Озат кәсіпорын тәжірибесін батысқазақстандық делегация да үлгі етуге әзір.

Жалпы, Батыс Қазақстанмен әріптестік байланыс оңтүстік өнімдерінің Ресей мен батыс елдеріне экспортталуына жол ашпақ. Мәселен, күнгейлік цемент пен трансформатор енді Орал арқылы Еуропа нарығына саудаға шығарылатын болды.

null