ОҚО ІІД полиция қызметкерлері Наурыз мерекесін атап өтті
АСТАНА. ҚазАқпарат - Наурыз мерекесі қарсаңында Оңтүстік Қазақстан облысы Ішкі істер департаментінде жеке құрам мен шақырылған құрметті қонақтардың қатысуымен салтанатты жиын өтті.
Салтанатты жиынды ашқан ОҚО ІІД-нің басшылығы, «Наурыз - жылдың бастауы, ішкі істер органында қызмет етіп жүрген өзге ұлт өкілдерінің бас қосып мерекелейтін тойы», - деп тоқталып көрсетті. Сондай-ақ, полицейлерге Наурыз мерекесінің шығу тарихы мен салттары жөнінде айтты. Жиын барысында Қазақстан Республикасының тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктері жөнінде фильм көрсетілді.
Одан ары салтанатты шара эстрада жұлдыздарының концертіне ұласты. Олар полиция қызметкерлерін мерекемен құттықтап, әсем әндер орындады.
Сонымен қатар, департаменттің басқарма, бөлім құрылымдары арасында оңтүстікте мекен ететін ұлттардың ұлттық дәстүрінен көрме жасалып, тағамдарынан дастархан жайылып, байқау ұйымдастырылды. Барлық басқармалар қазылар алқасына өздеріне бөлінген ұлттың салт-дәстүрі мен мәдениетін таныстырып, ұлттық әндерін шырқады.
Байқау нәтижесінде әділқазылар жеңімпаздарды анықтады. Атап айтқанда, үшінші орын - Әкімшілік полиция басқармасының еншісіне тиді. Екінші орынды - ОҚО ІІД Штаб басқармасы иеленді. Ал, бірінші орынды - Ақпараттық-сараптамалық және Техникалық қызмет басқармасының қызметкерлері жеңіп алды. Барлық қатысушыларға бағалы сыйлықтар мен грамота тапсырылды.

