ОҚО кәсіпкерлері шеберлік сабағын өткізді

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облысының  «Қазақстан халқы Ассамблеясы» ғимаратында бірқатар бизнесмендер болашақ кәсіпкерлер үшін шеберлік сабағын өткізді. Облыстық «Қоғамдық келісім» КММ ұйымдастырған шараға  аудан-қалалардағы кәсіпкерлікпен айналысуға ниетті азаматтар мен кәсіптік мамандықты игеріп жатқан студент жастар қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ОҚО кәсіпкерлері шеберлік сабағын өткізді

Еркін форматта өткен басқосуда  кәсіпкерлер өз тәжірибелерімен бөлісіп, табысқа жетудің жолдарын айтты. Ауыл шаруашылығымен айналысуға қолайлы аймақта орналасқанын айтқан "Амангелді" ЖШС-ның директоры Нұрлан Құралов бұл саланың болашағы зор екендігіне нақты мысалдар келтірді.  Ал «Алтын Адам» отандық киімдер брендінің негізін қалаушы Балжан Қалмұратова жастарды бүгіннен кәсіпкерлікке бейімделуге шақырып, бұл бағытта тәжірибе алмасуға әрқашан дайын екенін айтты. Еуропалық сапада өнім шығаратын «Bella Mebel» жиһаз зауыты жақында «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасы аясында Сайрам ауданында ашылған. Жылына 4 мың жиынтық жиһаз шығаруға қауқарлы фабриканың өкілі кәсіпкерлерге мемлекет тарапына көрсетіліп жатқан қолдауларға кеңінен тоқталды.
null 
null 

Айта кету керек, облыстық Ассамблея өңірдегі этномәдени бірлестіктермен бірге тек көпшілік мәдени іс-шаралар өткізумен шектелмей, туған жердің экономикасын дамытуға да үлес қосып келеді. Өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына этномәдени бірлестіктер тарапынан лайықты үлес қосу, белгілі бір кәсіпке маманданған ҚХА мүшелерінің үздік іс-тәжірибелерін өзгелерге үйрету арқылы тұрғындар арасында кәсіпкерліктің өріс алуына жағдай жасау бағытында жыл басынан бері бірқатар іс-шаралар ұйымдастырылды. 
null