ОҚО: «Қазақ романсиадасы» халықаралық байқауы өтті

Бүгінде романсиада Орта Азия мемлекеттері мен алыс және жақын шет елдерден, еліміздің барлық облыстарынан үміткерлер қатысатын танымал байқауға айналуда. Бұл туралы Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің баспасөз қызметінен хабарланды.
«Шымкенттегі романсиада байқауы жыл өте аяққа нық тұрып, түрленіп, қазақ романстары мен қазақ академиялық вокалдық музыкасын насихаттап келеді. Биылғы байқауға Ресей, Тәжікстан, Өзбекстан, Қырғызстан мемлекеттерінен және еліміздің Алматы, Астана қалалары мен Ақтөбе, Оңтүстік Қазақстан облыстарынан 60-қа жуық үміткер қатысты. Байқауға Ресей Федерациясының Еңбек сіңірген өнер қайраткері, Еңбек сіңірген әртісі Галина Преображенская, Ресей Федерациясының халық әртісі Аристарх Ливанов, Мәскеу романсиадасының арнайы концертмейстері Оксана Петриченко, Өзбекстан Республикасының Еңбек сіңірген әртісі Аваз Раджабов, Қырғыз Республикасына еңбек сіңірген әртісі Игорь Воронцовтар қазылық етті. Мәртебелі меймандардан құралған қазылардың өзі сөзсіз байқаудың деңгейін көтеріп, тыңдармандарына айрықша әсер беріп келеді», - делінген баспасөз баянында.
Байқау қорытындысы бойынша Бас жүлдені Бақыт Жақыпов (Бішкек, Қырғызстан) иеленді. Жүлде қоры - 200 000 теңге. 1-орын Умид Исраиловқа (Қоқанд, Өзбекстан), Эмиль Сакавовқа (Алматы, Қазақстан), Балнұр Жапароваға (Шымкент, Қазақстан) бұйырды. Жүлде қоры - 100 000 теңге. 2-орынды Азат Мәлік (Астана, Қазақстан), Саян Исин (Бішкек, Қырғызстан), Фарангиз Шамсиева (Самарқанд, Өзбекстан) иеленді. Жүлде қоры - 80 000 теңге. 3-орынға Бекзот Холмирзаев (Ташкент, Өзбекстан), Ульяна Семенова (Ташкент, Өзбекстан) лайық деп танылды. Жүлде қоры - 60000 теңге.
«Қазақ романсы» номинациясы бойынша 1-орынды және 80000 теңгені Дамир Садуақасов (Алматы, Қазақстан), 2-орынды және 60000 теңгені Ербол Нариманұлы (Астана, Қазақстан), Гүлфариза Зиятдинова (Алматы, Қазақстан), 3-орынды және 40000 теңгені Нұржан Жүсіпбеков, Жұлдызай Мұсаева иеленді.
«Романсиада аруы» арнайы жүлдесі мен 15000 теңге Салтанат Байжұмановаға (Астана, Қазақстан) бұйырса, «Үздік орыс романсын орындаушы» арнайы номинациясы мен 20000 теңге Жундайдулло Ходжаевқа бұйырды.