ОҚО: Қазығұртта көппәтерлі 4 тұрғын үй пайдалануға беріледі

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облысындағы Қазығұрт ауданында 16 пәтерлі 4 тұрғын үй биыл пайдалануға беріледі. Бұл туралы бүгін өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте аталмыш аудан әкімі Төлеген Телғараев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ОҚО: Қазығұртта көппәтерлі 4 тұрғын үй пайдалануға беріледі

«Нұрлы жер» бағдарламасы аясында салынатын бұл баспаналар аудандағы «Болашақ»  мөлтек ауданынан бой көтермек.

Төлеген Тұртайұлының сөзінше, жергілікті бюджет есебінен Атбұлақ елді мекенінде 17 пәтерлі қызметтік тұрғын үйдің құрылысы жүргізілетін болады. Ал 64 елді мекеннің қазіргі таңда 56,3 пайызы табиғи газға қосылған. Бүгінде құрылысы аяқталған 9 елді мекенге табиғи газ қосу жұмыстары жүргізілуде. Бұдан бөлек биыл аудан бойынша 45 елді мекен табиғи газ жүйесімен қамтылып, көрсеткіш 70,3 пайызды құрайтын болады.

Сонымен қатар өткен жылы аудандағы өнім көлемі 7,6 пайызға артып, кәсіпкерлер 97,9 млрд теңге табыс тапқан. 30 шағын жоба іске қосылып, 253 адам тұрақты жұмыспен қамтылыпты.

«2018 жылы жалпы құны 1 089,2 млн теңгені құрайтын 32 шағын жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр. Үстіміздегі жылдың үш айының өзінде 8 шағын жоба іске асырылып, 124 адам жұмысқа тұрған. Биыл ауданда 2 шағын өндіріс орнын іске асыру жоспарланған. Атап айтқанда, «Қазығұрт айна» ЖШС-ның «Сұйық шыны шығару» цехы мен «Unifrutti gold» ЖШС-ның «Жемістер мен көкөністерді өңдеу арқылы диеталық пюрелер шығару» жобалары», - деді Төлеген Телғараев

Елбасының «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасы аясында аудан көлемінде 16 өнеркәсіп ашылған.

«Ауданның 2016-2020 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму бағдарламасына сәйкес, биыл өнім көлемін 6 473,3 млн теңгеге жеткізу межеленіп отыр. Сондай-ақ, есепті жылдың қорытындысы бойынша аудандағы ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 31 641,8 млн теңгеге жетіп, нақты көлем индексі 101 пайызды құраған. Аудандағы 330 ұсақ шаруа қожалығы 21 кооперативке біріктірілді», - деді Төлеген Тұртайұлы.

Аудан әкімі сондай-ақ «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған» бағдарламасы аясында ағымдағы жылдың үш айында 1 202 тұрғын бағдарламаға қатысып, жылдық жоспар 30 пайызға орындалғанын атап өтті.