ОҚО құтқарушылары мемлекеттік тіл сайысын өткізді

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Мемлекеттік тілді меңгеру - Қазақстан Республикасының әрбір азаматының парызы. Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай, тілдің мәртебесін арттыру, мемлекеттік тілді жетік меңгерген қызметкерлерді ынталандыру және көтермелеу мақсатында Оңтүстік Қазақстан облысы Төтенше жағдайлар департаментінде «Мемлекеттік тіл - менің тілім» атты байқау өткізілді.

ОҚО құтқарушылары мемлекеттік тіл сайысын өткізді

ҚР ІІМ ТЖК баспасөз қызметінің хабарлауынша, аталған байқауға департаменттің құрылымдық бөліністері мен ведомстволық бағынысты ұйымдарының қызметкерлері қатысты.

Байқауға қатысушылар өздерін жан-жақты көрсете білді. Атап айтқанда, қазақ халқының салт-дәстүріне байланысты сұрақтарға мүдірме й жауап беріп, туған жер, тіл туралы патриоттық өлеңдерді мәнерлеп оқыды. Сондай-ақ, қызметке байланысты терминдерді орыс тілінен қазақ тіліне сауатты аударып, қатемен жазылған сөздерді еш қиналмастан түзетті.

Ұлтымыздың тіліне, мәдениетіне, өнеріне ден қойып, бойларындағы қабілет-дарындарын жарқырата ашып көрсете алған қатысушылар байқау соңында жүлделі орындар иеленіп, бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Салт-дәстүр туралы сұраққа толық жауап берген жедел-құтқару жасақтың құтқарушысы А.Ахметов жүлделі үшінші орынды қанағат тұтса, қарбалас жұмысқа қарамастан, қызу дайындықпен келген Шымкент қаласы Төтенше жағдайлар басқармасының мемлекеттік өрт бақылау бөлімінің бас маманы азаматтық қорғау капитаны Н.Бексейітов екінші орынға ие болды.

Білімі мен тәрбиесін жоғары деңгейде көрсете білген төтенше жағдайларды жою бөлімінің бас маманы азаматтық қорғау аға лейтенанты Н.Сейдуллаев пен Өрт сөндіру қызметінің әскери жұмылдыру жұмыстары бөлімінің аға инженері азаматтық қорғау майоры Г.Асилбекова бірінші орынды бөлісті. Бәрінен озат шыққан заң тобының бас маманы Ғ.Әлжанов бас жүлде иегері атанды.

Қызметкерлеріміздің мемлекеттік тілді жоғары деңгейде меңгеріп, өздерін жан-жақты көрсете алатындығына осы байқау арқылы тағы да көз жеткіздік.