ОҚО: Мемлекеттік университетте «Рухани келісім - бірлік бастауы» тақырыбында алқалы жиын өтті

Шара Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы мен рухани келісім күніне орай ұйымдастырылды. Іргелі оқу орнының білім кеңістігіндегі бастамалары баянды. Мұнда ең алғаш болып, қазақстандық тұрақтылық пен татулықтың тұғыры болатын «Қазақстан халқы Ассамблеясы» кафедрасын ашылды. Жиынды сол кафедра ұжымы ұйымдастырды. Басқосуда рухани келісім күнінің маңызы, мазмұны және қажеттілігі көпшілікке түсіндірілді.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының өкіл имамы жиналғандарға елді дүрліктірген терроризм турасында тағылымды уағызын арнады. Жастарды теріс діни ағымнан жирендірді. Дін діңгегі бекем, ата салтқа берік елдің бейбітшілік бесігі, шаттық шаңырағы шайқалмақ емес. Студенттерге осы жағы түсіндірілді.
Ұстаздар Ассамблея кафедрасының мемлекеттік саясатты нығайтудағы рөлін осындай шаралармен күшейтпек. Аталмыш университет білім беріп қана қоймай, жастардың тәрбиесіне де айрықша мән береді. Тек мерекелерде ғана емес, басқа уақыттарда да жастардың басын қосып, тәрбиелік мазмұндағы келелі кеңестер мен айтулы шараларды ұйымдастырып отырады.
Осы жолы көтерілген тақырып бүгінгі қоғамда өте өткір тұрған мәселе. Жастарды діни фанатизмнен қорғау және оларды ұлттық тәрбиемен сусындату сияқты жұмыстар дәл бүгінгі таңда ауадай қажет. Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстар аз емес.