ОҚО мен Өзбекстанның сауда айналымы 622,6 млн АҚШ долларына жетті

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат  - Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев Өзбекстан Республикасынан келген бір топ зиялы қауым өкілдерімен кездесті. Басқосуда  тараптар екі ел арасындағы стратегиялық әріптестік, іскерлік қарым қарым-қатынас, мәдени ықпалдастық орнату жайын сөз етті, деп хабарлайды  ҚазАқпарат тілшісі.

ОҚО мен Өзбекстанның сауда айналымы 622,6 млн АҚШ долларына жетті

Аймақ басшысы, сондай-ақ, бірегей мәдени-рухани байланыстар мен бүгінде жалғасын тауып келе жатқан екі жақты  достық қарым-қатынастың маңыздылығына тоқталды.

«Екі ел арасындағы стратегиялық әріптестік оңтүстіктің қасиетті орындарының бірі - Ордабасыда осыдан 25 жыл бұрын өткен елдік жиында қабылданған «Мәңгілік достық туралы» келісіммен нықталған. Өздеріңізге белгілі биылғы 15 наурызда Астана қаласында Өзбекстанның Қазақстандағы жылы жарияланып, салтанатты жағдайда ашылды. Баршаңызға мәлім, соңғы бір жарым  жылдың ішінде Қазақстан мен Өзбекстан арасында достық байланыстар бекіп, жаңа деңгейге көтеріліп келеді. Бүгіннің өзінде теміржол тасымалы 44 пайызға арттып, тауар айналымы 2 миллиард долларға жетті», - деді Жансейіт Қансейітұлы.

Кездесу барысында сөз алған Өзбекстан Республикасы Жазушылар Одағының төрағасы Мұхаммед Әли бауырлас екі ел арасындағы дәнекерлікті нығайту бағытында атқарылып жатқан кешенді іс-шаралардың одан әрі жандана түсетініне сенім білдірді. Кездесуді қорытқан облыс әкімі өңірде өткізіліп отырған Әмір Темірдің 682 жылдығына арналған ғылыми тәжірибелік конференцияға сәттілік тіледі.

Айта кетейік, өткен жылы Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың Өзбекстанға жасаған жұмыс сапары аясында мемлекетаралық байланысты одан әрі нығайтуға арналған 10 маңызды құжат қабылданса, Оңтүстік Қазақстан облысының әкімдігімен сауда-экономикалық және мәдени гуманитаралық салалардағы ықпалдастықты арттыру бағытында Ташкент, Сырдарья, Жызақ облыстары басшылармен әріптестік меморандумға қол қойылды. Елбасының осы сапары аясында қазақ-өзбек бизнес форумы ұйымдастырылып, оған қос ыелдің 300-ден астам кәсіпкерлері қатысты. Дәл осындай іскерлікті нығайтуға бағытталған іс-шаралар Шымкентте де өтіп, Ташкент қаласы тауарөндірушілерінің көрмесі ұйымдастырылған болатын. Бүгінде Өзбекстан Оңтүстік Қазақстан облысының сауда әріптесі болып табылады. Екежақты тауар айналымы 20,3 пайызды құрайды. 2017 жылы сауда байланысы 11,7 пайызға артып, 622,6 млн АҚШ долларына жетті.

Сондай-ақ, бүгінде облыстағы 3 миллионға жуық тұрғынның 17 пайызын өзбек этносының өкілдері құрайды. Облыстағы 15 мектепте білім өзбек тілінде білім берілсе, сондай-ақ, аралас тілді 50 мектепте өзбек кластары бар. Сонымен қатар, республикамыздағы жалғыз өзбек драма театрыда осы өңірде орналасқан. Жалпы, облыс аумағында 4 газет өзбек тілінде жарық көрсе, 3 телеарна қазақ - орыс - өзбек тілдерінде хабар таратады. Облыс аумағында Қазақстан өзбектері этномәдени бірлестіктерінің «Достық» қауымдастығы мен облыстық өзбек этномәдени бірлестігі және оның аудандық, қалалық 13 филиалы жұмыс істейді.