ОҚО музейлерінің құнды жәдігерлері Астанаға жеткізілді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облысының Астана қаласындағы күндері аясында Астанадағы «Қазақстан» орталық концерт залының фойесінде ОҚО музейлерінің құнды жәдігерлерінен жасақталған «Жер кіндігі - Қазығұрт» көп салалы ғылыми көркемөнер көрмесі ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
None
None

«Көрменің мақсаты - құнды жәдігерлерден жасақталған көрме арқылы Астана қонақтары мен жұртшылығын Қазақстан тарихында сүбелі орынға ие болған Оңтүстіктің тарихи шежіресі және суретшілер қылқаламы мен қолөнершілердің шеберлігінен туған өнер шығармаларымен таныстыру. Оңтүстік өңірі тарихи-мәдени ескерткіштерге толы аймақ. «Жер кіндігі - Қазығұрт» көп салалы ғылыми көркемөнер көрмесінде кезең-кезеңімен тарихи шежіреден сыр шертетін белгілі қылқалам иелерінің шығармалары, қолөнер шеберлерінің жасаған бұйымдары мен тарихи фотосуреттері және ОҚО музейлерінің жәдігерлері көрсетіледі», - дейді ұйымдастырушылар.
Осы орайда «Оңтүстік табиғаты» тақырыбында өңірдің әсем табиғат көріністерінен фотосуреттер мен кескіндемелік жұмыстар, қазба байлықтардың үлгілері, Кентаудағы тау-кен тарихы музей қорынан, Сайрам, Өгем, Қаратау тауларының, Ақсу - Жабағылы қорығының фотосуреттері, Келіншек тау, Түлкібас, Қазығұрт тауы және облыс табиғатын бейнелейтін кескіндемелік картиналар қамтылған.
Ал «Көненің көзі - тарихтың өзі» бөлімінде көне Отырар каласынан археологиялық қазба жұмыстары кезінде табылған қыш құмыралар, күміс теңгелер т.б. құнды жәдігерлер, Түркістан Қ.А. Ясауи кесенесінің макеті, ежелгі қалалардың фотосуреттері, аэрофотосуреттер, тақырыпқа байланысты кескіндемелік картиналар, қыштан жасалған ыдыстар көрсетілген.
Бұдан бөлек, «Қол өнерім-өнегем» тақырыбы бойынша қазақ халқының этнографиялық коллекциялары: аяққаптар, қоржындар, шашақбаулар, басқұрлар, зергерлік бұйымдар, кәдесыйлықтар және басқа да ұлттық бұйымдар көпшілік назарына ұсынылды.
Сонымен қатар «Хандық дәуір» бөлімінде хандық дәуірді көрсететін кескіндемелік картиналар, сауыт, қару-жарақ, Хан тағы, сондай-ақ Тайқазан сынды маңызды жәдігерлер қамтылған.
«Елбасы және Оңтүстік» тақырыбында Президент Н. Ә. Назарбаевтың Тәуелсіздік жылдарындағы оңтүстікке сапарлары кезінде түсірілген фотосуреттер топтамаларымен танысуға болады. Көрмедегі «Сыры бір суреттер» бөлімінде «Түркістан-Түркі әлемінің мәдени астанасы» аясында ТҮРКСОЙ суретшілерінің жинақтамасынан қазақ халқының тұрмыс тіршілігін, салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын, мәдениетін және ОҚО табиғатын бейнелейтін кескіндемелік шығармалар ұсынылған.
Айта кетейік, бұл мәдени шара Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: «Рухани жаңғыру» мақаласындағы «Туған жер» бағдарламасын насихаттау мақсатында ұйымдастырылған.

null null null null null null null null 

Соңғы жаңалықтар