ОҚО-ның ауыл мектептеріне 500-ден аса кітап сыйға тартылды

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облысы Отырар ауданының мектептері мен кітапханаларына 500-ден аса ғылыми-әдеби кітап сыйға тартылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат ХАА тілшісі.  
None
None

Мұндай тартуды Отырар ауданының орта білім ордасын 30 жыл бұрын аяқтаған түлектер жасады. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласын қолдаушылар, сонымен қатар өздері оқыған мектепке заман талабына сай техникалар табыстады. Ауыл мешіттеріне де діни кітаптар мен журналдар тапсырылды. Туған жерге келіп, бас қосқан түлектер шара барысында көзден тайған ұстаздары мен құрбыларының рухына құран бағыштап, ас берді. Көпшілікті жинап, «Тәуелсіздік -тірегім, мәңгілік ел - мұратым» атты концерт ұйымдастырды.

Айта кетейік, 1987 жылы Мұхтар Әуезов мектебін 150 түлек бітіріп шыққан. Олар бүгінде  Қазақстанның әр түпкірінде елеулі қызметтер атқарып жүр.  Ал ұлылар мекенінде өсіп өнген буынды жинап, туған жерге ту тігуге үндеген аудан әкімі Ерлан Айтаханов болды. Кездесуге аудан басшысы да қатысып, еліне қолғабыс еткен азаматтарға алғысын жеткізді.

«Тәуелсіздігіміздің 25 жылы ішінде өсіп-өніп, аяққа нық тұрып, міне, қазір түлеп ұшқан азаматтар туған жеріне тағзым етіп, қолғабыс етіп отыр. Ұстаздарын ұмыт қалдырмай,  бар бақытын елмен бөліскендерге ауыл алғысы шексіз.  Мектепке тарту еткен сый-жоралғылар келешек өскіннің лайықты білім алуына,  оң бағытта өсуіне септігін тигізеді деп сенеміз»,- деді әкім.

Өз кезегінде әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мен Отырар ауданы арасындағы өзара әріптестікті нығайтып, жаңғыртқаны үшін Ерлан Айтахановқа университеттің Ғылыми кеңесі арнайы төсбелгі тақты.

1 2 3 

Соңғы жаңалықтар